Елімізде ақылы жолдар тағы 11 мың шақырымға көбеймек
Опубликовано:
Қазақстанда тағы 11 мың шақырым республикалық тасжол ақылы болады. Жүргізушілер оларға алдағы 2-3 жылда төлей бастайды. Ал оның төлем жолдары электронды түрде жүргізілмек. Қолма-қол төлесе, екі есе артық шығындалады деп хабарлайды КТК арнасы.

"Алдағы 2-3 жылда ақылы жолдар аумағын тағы 32 бағытқа арттырғалы отырмыз. Олардың жалпы ұзындығы 11 мың шақырымды құрайды. Оларда шлагбаумдар болмайды. Жүргізушілер алдын ала ақысын электронды жолмен төлейді", - дейді "ҚазАвтоЖол" АҚ ақылы жолдар дирекциясы филиалының директоры Асхат Оқасов.
Қазіргі уақытта елімізде ақылы жолдар төрт бағытта енгізілген. Олар: Нұр-Сұлтан – Щучье, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Алматы – Қапшағай және Алматы – Қорғас кеден бекеті бағыттары.
Бір ай бұрын оларға сараланған тариф енгізілді. Яғни, жүргізуші қолма-қол төлесе, екі есе артық төлейді. Сол үшін алдын-ала электронды төлем жүйесі енгізілген.
Ол үшін электрондық төлемнің 20 түрі ұсынылған. Жүргізушілер ақшаны интернет-банкинг арқылы немесе телефон балансы арқылы, болмаса, басқа да интернет-әмияндағы қаражатпен төлей алады.
Дереккөз КТК арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1806283-elimizde-akyly-zoldar-tagy-11-my-sakyrymga-kbejmek/