Сайлау нәтижесінен кейін Тоқаевтың атына 134 елден құттықтау келіп түскен

Опубликовано:

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Егемен Қазақстан басылымына берген сұхбатында мемлекет басшысы сайлауда жеңіске жеткен соң қанша елден құттықтау келгенін айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Берік Уәлидің сөзінше, президентті әлемнің алпауыт елдерінің басшылары да жаңа қызметімен құттықтаған екен.

"Шетелдік әріптестері, жалпы шетелдік сары тісті саясаткерлер қалай қабылдады дегенге келсек... Мысалы, сайлау нәтижесінен кейін президенттің атына 134 елдің мемлекет және үкімет басшыларынан, 26 ірі халықаралық ұйымның жетекшілерінен құттықтау жеделхаттар келіп түсті.

Олардың арасында Владимир Путин, Дональд Трамп, Си Цзиньпин, Эммануэль Макрон, Ангела Мер­кель, Тереза Мэй, Режеп Тайып Ердоған, Антониу Гутерриш, Дональд Туск, Пан Ги Мун және басқа да көптеген ірі саясат­керлер бар.

Одан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлын жеке танитын әлемдік тұлғалар да өз құттықтауларын жолдап жатты. Олардың бәрі де Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі жалғастырып, достық байланыстарды тереңдетуге ниетті екендіктерін жеткізді", - дейді мемлекет басшысының баспасөз хатшысы.

Берік Уәли әлемнің осынша елінен келіп түскен құттықтауынан-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлының қаншалықты беделі бар екенін білуге болатынын айтады.

"Яғни, Қасым-Жомарт Кемелұлының әлемдік саясаттағы, халықаралық қауымдастықтағы беделінің өзі, еліміздің дамуына, елге инвестиция тартуда, шетелдік алпауыт компаниялармен серіктесіп жұмыс істеуде көп ықпалын тигізетініне сенімдімін", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1807019-sajlau-ntizesinen-kejin-tokaevty-atyna-134-elden-kttyktau-kelip-tsken/