Шымкентте егде жастағы адам ХҚКО қызметкерін ұрып жіберді (видео)
Опубликовано:
Шымкентте егде жастағы ер адам ХҚКО-ның қызметкеріне көпшіліктің көзінше қол жұмсаған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оқиға 22 тамыз күні болған.
ХҚКО операторы ер адамның жеке куәлігі өзімен бірге болмағандықтан құжаттарын қабылдаудан бас тартқан.
Қолында тек құжатының көшірмесі ғана болған егде жастағы кісі ашуға булығып, қызметкердің жағынан салып жіберген көрінеді.
"Ер адам ХҚКО на танысымен бірге келіп, соның құжатымен талон алған. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды рәсімдеу үшін құжат өткізбек болған. ХҚКО қызметкері жеке куәліктің көшірмесімен құжат қабылдай алмайтындығын айтқанымен ер адам келіспей, ашуланып талап ете бастаған,"-дейді "Азаматтарға арналған үкімет" АҚ Шымкент филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.
Оқиға орнына мекеме қызметкерлері тәртіп сақшыларын шақырған.
Таяқ жеген оператор ер адамның үстінен арызданған.
Ашуға бой алдырып қызметкерге қол көтерген егде жастағы адам да қан қысымының көтеріліп кеткендігін айтып, жедел жәрдем қызметін шақырған.
Ақ халаттылар оны ауруханаға алып кеткен.
"Шымкент қаласы Еңбекші аудандық полиция бөліміне аталған бойынша шағым түскен. Оқиға орнына келген полицейлер қол көтерген адамның барлық жеке мәліметтерін жазып алған. ХҚКО ның қызметкері де арызын жазған. Айыпталушы емдеу мекемесінен шыққан соң түсініктеме алынып, әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады,"-деп мәлімдеді Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1812694-symkentte-egde-zastagy-adam-hkko-kyzmetkerin-ryp-ziberdi-video/