Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жамбыл облысының биыл білім саласында қол жеткізген 25 жетістігі

Опубликовано:

Жаңа оқу жылы – жағымды жаңалықтарға толы. Өңірдегі білім беру жүйесі жыл санап жетіліп, өркендеп келеді десек, ағымдағы жылы ауыз толтырып айтарлықтай игі істердің атқарылғаны соның бір ғана айғағы. Бұл туралы бүгін "Баласағұн" ОКЗ-да өткен "Keleshekke – kemel bilimmen" атты облыстық тамыз кеңесінде айтылды. Осы орайда біз биыл қол жеткен жетістіктер мен жаңа оқу жылындағы жағымды жаңалықтарды 25-ке бөліп, жіпке тізгендей жіктеп ұсынғанды жөн көрдік.

Жамбыл облысының биыл білім саласында қол жеткізген 25 жетістігі

1. Биыл білім жүйесін қаржыландыруға 130 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,2 миллиард теңгеге артық. Қарастырылған қаржының 5,1 миллиард теңгесі білім беру нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеуге бағытталған.

2. Ағымдағы жылы өңірдегі 3-6 жас аралығындағы балалардың жыл соңынан дейін балабақшамен 100 пайыз қамтылатындығы десек қателеспейміз. Бүгінде бұл көрсеткіш 98,6 пайызды құрап отыр. Мектепке дейінгі білім беретін ұйымдардың саны 545-ке жетті. Онда 55207 бала тәрбиеленуде.

3. Ағымдағы жылы өңірде 2194 орындық 15 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Жекеменшік балабақша үлесі 31,4 пайызды құрады. Бүгінде облыстағы 171 жекеменшік балабақшада 14984 бала тәрбиеленуде. Ол мектепке дейінгі біліммен қамтылған барлық баланың 27,2 пайызын құрайды.

4. Биылғы оқу жылында 1-ші сыныпқа 28 мыңнан аса оқушы келеді деп күтілуде. Жаңа оқу жылында облыста 442 мектеп жұмыс істемек.

5. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу жұмыстары жалғасуда. 2019-2020 оқу жылында 4,9,10 сынып оқушылары жаңартылған білім беру мазмұнына көшеді.

6. Өткен оқу жылы жемісті болды. Мектеп бітірген 8813 түлектің 317-і "Алтын белгі" төс белгісіне, ал 242 оқушы "Үздік" аттестатқа ие болды. Түлектердің 65,4 пайызға жуығы жоғарғы оқу орындарында оқуға мемлекеттік грант жеңіп алды.

Жамбыл облысының биыл білім саласында қол жеткізген 25 жетістігі

7. Облыс оқушылары халықаралық, дүниежүзілік, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстарда 132 медальдарды иеленсе (2018 ж. - 123), шығармашылық байқауларда 2967 жүлделі орындарды, түрлі спорт жарыстарында 238 медаль жеңіп алды.

8. Республикалық "Ұлттық мектеп лигасында" жамбылдық оқушылар жалпы командалық есепте І орынға ие болды.

9. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, адамгершілік рухта тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда мұғалімнің еңбегі зор. Облыста 1232 педагог республикалық, халықаралық байқаулар мен қашықтық олимпиадаларында жеңімпаз атанды.

10. Жалпы, 2018-2019 оқу жылында 25 мыңнан аса ұстаз 222 мыңнан аса оқушыға заман талабына сай саналы тәрбие мен сапалы білім берді. Оның 1092-сі жас маман.

11. Облыста ұстаздардың 82 пайызы (20917 педагог) жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Жаңартылған білім беру мазмұнымен мұғалімдердің лауазымдық жалақысы 30 пайызға көбейді. Аттестаттаудың жаңа жүйесіне сәйкес ұлттық біліктілік тестілеуден өткен 4485 мұғалім 30 пайыз бен 50 пайыз аралығында қосымша төлемақы алуда.

12. Ағымдағы жылы Тараз қаласындағы А.Пушкин атындағы №41 көп салалы гимназиясы облыстық "Орта білім беретін үздік ұйым" байқауында жеңімпаз атанды.

13. Білім мекемелері арасында жүргізілген рейтинг нәтижесінде Жамбыл ауданындағы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясы "Үздік ауыл мектебі", Шу ауданындағы Жібек жолы мектеп-лицейі "Үздік қала мектебі", Т.Рысқұлов ауданындағы М.Әуезов атындағы тірек мектебі "Үздік шағын жинақталған мектеп", Меркі ауданындағы Т.Қожакеев атындағы №39 мектеп-гиназиясы "Үздік инновациялық мектеп", Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі "Үздік колледж" номинациясын иеленді.

14. Ағымдағы жылы облыс бойынша 16 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, 5 мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Оның 1-уі үш ауысымды, 1-уі апатты және 3-уі орын тапшылығы бар мектептің мәселесін шешеді. Осылайша биылғы жылы облыста үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілді.

15. Бүгінде аймағымыздың барлық мектебі бірыңғай сандық жүйеге қосылған. Өңірде балабақшаға балаларды кезекке қою және жолдама алу (edugarden.kz), мектепке 1 сыныпқа қабылдау және жазғы сауықтыру және демалыс лагерьлеріне жолдама беру (eduschool.kz), техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне оқуға қабылдау (zhambyltipo.kz) жүйесі 100 пайыз автоматтандырылды.

16. 2018 жылы аудандар мен Тараз қаласында 14 IT сыныбы ашылса, жыл соңына дейін 37 IT сынып ашылады. Сондай-ақ, Wi-Fi желісімен облыс мектептерінің 100 пайыз және робототехника кабинеттерімен 174 мектеп жабдықталған.

17. Жазғы сауықтыру шараларымен оқушылардың 100 пайыз қамтылды. Ал 8519 көп балалы, аз қамтылған отбасы балалары және "Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының" 75 тәрбиеленушісі қала сыртындағы 11 сауықтыру лагерьлерінде демалды.

18. Облыстық білім басқармасы Арыс қаласында орын алған оқыс оқиғадан зардап шеккен отбасылардың 473 баласын облыстың сауықтыру лагерьлеріне орналастырып, жазғы демалыспен қамту шараларын ұйымдастырды.

19. Жаз мезгілінде балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін еңбек жасақтары, әскери-патриоттық палаткалы лагерьлер жұмыс жасады. "Өз жеріңді танып біл" жобасы аясында оқушылар ауданнан ауданға, облыс аумағындағы сакралды орындарға саяхат жасап, туристік экскурсияларға көптеп тартылды.

20. Халықаралық, республикалық және облыстық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауының 50 жеңімпазына Нұр-Сұлтан қаласына саяхат ұйымдастырылса, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған онлайн байқаулардың 27 жеңімпазы "Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалды.

Жамбыл облысының биыл білім саласында қол жеткізген 25 жетістігі

21. Өңірдегі техникалық және кәсіптік мамандарға деген еңбек нарығының сұранысына сай жаңа оқу жылына облыстағы 47 мамандыққа 3082 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. Жалпы, бөлінген мемлекеттік тапсырыстың 56,7 пайызы (1750-і) "Баршаға арналған тегін кәсіптік техникалық білім беру" жобасы аясында жұмысшы мамандықтарына берілді.

22. Биылғы жылдың тағы бір жақсы жаңалығы, мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, кәсіптік техникалық мекемелерде жұмысшы мамандығында оқитын студенттердің стипендиясы 1 қыркүйектен бастап 30 пайызға артады. Осы мақсатта өңірдегі колледждердің 8321 студентіне 163 млн. 373 мың теңге бөлінді.

23. Колледж студенттерінің 50,9 пайызы мемлекеттік тапсырыс негізінде тегін оқуда. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 1028 орынға артық. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 2018 жылы 3500 түлек бітірсе, оның 84,2% жұмысқа орналасты.

24. Дуалды оқыту жүйесі 35 колледжде енгізіліп, 193 кәсіпорынмен үш жақты келісімшарттар жасалған. Өткен жылы дуалдық оқыту жүйесімен оқуын аяқтаған 1588 түлектің 75 пайыз жұмыспен қамтылды. Жұмыс беруші мен колледждер арасында 3581 түлекті жұмыспен қамту туралы 726 келісім шарттар жасалды.

25. Жамбыл политехникалық жоғары колледжі мен Құлан агротехникалық колледжінен үлгілік колледж жасау мақсатында аталған оқу орындарынан "WorldSkills" стандартына сай 10 құзыреттілік орталығы құрылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1813034-zambyl-oblysyny-biyl-bilim-salasynda-kol-zetkizgen-25-zetistigi/

pixel