"Дұрыс емес": Перуашев Божконың дау тудырған сөзіне қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Депутат Азат Перуашев вице-спикер Владимир Божконың "тізерлеп рахмет айту" туралы сөзіне қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Біріншіден, бұл мәселе бойынша арнайы этикалық комиссиямыз бар. Оны Қуаныш Сұлтанов басқарады. Сол комиссия қарау қажет. Екіншіден, меніңше, бұл сөз дұрыс емес. Әрине, мен ондай сөзбен келісе алмаймын", - деді Перуашев журналистерге берген сұхбатында.
Оның ойынша, этикалық комиссия қарамаса, депутат Божконы ұсынған ұйым қарауы тиіс.
"Бұл депутатты жіберген орган бар. Ол - Қазақстан халқы Ассамблеясы. Өткенде министр Дәурен Абаев бұл кісінің сөзіне түсініктеме берген болатын. Басқаша көзқараста айтты деді. Бәлкім, басқа ойы болған шығар. Бірақ кім болса да, әркім өз сөзіне жауапты болуы керек", - деп пікір білдірді Перуашев.
Естеріңізге сала кетейік, парламент мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божконың "тізерлеп рахмет айту" туралы мәлімдемесі халықтың наразылығын тудырған еді.
Ал, Дәурен Абаев болса Божконы нағыз патриот деп атап, тұжырымын эмоцияға беріліп айтты деген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1815855-drys-emes-peruasev-bozkony-dau-tudyrgan-szine-katysty-pikir-bildirdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.