Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда бүлдіршінге дөрекілік танытқан балабақша күтушісі камераға түсіп қалды (видео)

Опубликовано:

NUR.KZ редакциясына Алматы қаласының тұрғыны Алина хабарласып, балабақшада күтушінің баласына дөрекілік көрсетіп, қол көтергенін мәлімдеді. Айтуынша, басында мекеме басшылығы балаға қол көтеру фактісін жоққа шығарған, алайда кейіннен күтуші мен балабақша меңгерушісі болған жайтты мойындаған.

Кадр видеодан алынды
Кадр видеодан алынды: UGC

Алина өткен жұма күні баласын балабақшадан алып кетуге барғанда, оның денесінде сызат пен көгерген іздер байқаған. Тәрбиеші мен күтуші бұл іздердің қайдан пайда болғанын білмейміз деп құтылған. Содан соң келіншек болған жайтты анықтау үшін меңгерушіге жүгінгенін.

"Мен одан бақылау камераларының жазбасын беруін талап еттім. Ол үшін дүйсенбі күні келуім керек екенін айтты. Маған баламның жай ғана ойнап, ұйықтап жатқаны түсірілген видеоны көрсетті. Бейнежазбаларды толық қарап шығып, ештеңе таппағанын жеткізді. Мен сендім.
Бірақ іштей күмәндандым. Балабақшаның айналасында ары-бері жүріп, бір келіншекпен сөйлесіп қалдым. Ол баласын осы балабақшаға орналастырмақ болған, бірақ абайсызда меңгерушінің тәрбиешілерге ұрсып жатқанын естіп қалыпты. Меңгеруші қоластындағы қызметкерлеріне айқайлап, күтушіден балаға неліктен қол көтергенін түсіндіруді талап еткен.
Мен ол келіншектен ары қарай сұрастырып жатып, тәрбиешілердің бірінің есімі Ира екенін білдім. Олар бассейнге баратын бала туралы айтып жатыр екен. Сол кезде әңгіме менің балам жайында екенін түсіндім", – дейді Алина.

Содан соң ол баласының тобына кіріп, екі тәрбиешіні де сөзге тартқан. Болған жайдан хабардар екенін айтып, алдап құтыла алмайтындарын ескерткен.

"Күтуші көзіне жас алып, балаға қол көтергенін мойындады, байқамай қалғанын айтады. Дереу меңгерушіге барып, барлығын білетінімді жайып салдым.
Ол бірден мойындап, күтушіні қорғап қалу үшін өтірік айтқанын жеткізді. Жасырған барлық бейнежазбаларды көрсетіп, тізерлеп тұрып болған оқиғаны жария етпеуімді өтінді", – деп жалғастырды келіншек.

Оған бұл туралы құқық қорғау органдарына шағымданбауын сұрап, 280 000 теңге ұсынған. Алайда, Алина бұл істі бейжай қалдырмай, жергілікті атқару органдарына жүгінген.

Оның үстіне, күтушінің балаға қол көтергенін дәлелдейтін бейнежазбаны да ұсынған.

"Жазбада баламның күтушіден көрпенің астына тығылып жатқаны көрінеді. Ал ол болса көрпені ашып тұрып ұрып жатыр. Бала жылай бастағанда қорыққаннан, екінші тәрбиеші көріп қояма деп оны жұбата бастайды.
Бұл күтушіні дереу жұмыстан шығарды. Бірақ, біле тұра, менен балама дөрекілік көрсетілгенін жасырған меңгеруші бар ғой.
Балық басынан шіриді. Күтушінің жұмыстан шығарылуы бұл балабақшадағы жағдайды өзгертпейді", – деп түйіндеді Алина.

NUR.KZ тілшісі аталған балабақшаның меңгерушісімен байланысып, болған оқиғаға байланысты пікірін сұрады.

Алайда, ол БАҚ өкілдерімен сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартып, Алинаның шағымына қатысты ешқандай түсініктеме бермейтінін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1819998-almatyda-balaga-drekilik-tanytkan-balabaksa-ktusisi-kameraga-tsip-kaldy-video/

pixel