"Адам қорылдан өліп кетуі мүмкін": Сомнолог ұйқының маңызын түсіндірді

Опубликовано:

Жоғары санаттағы дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, сомнолог Әлия Байдәулетова уақытылы ұйықтап, уақытылы тұрудың маңыздылығын түсіндірді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Көрнекі сурет: pixabay.com
Көрнекі сурет: pixabay.com: Facebook

Медицина саласының тәжірибелі маманы дұрыс ұйықтау адам организмі үшін өте маңызды екеніне тоқталды. Оның айтуынша, ұйқының көптеген функциялары бар.

"Ұйқы – ем. Біріншіден, ол адамның ағзасын қалыпқа келтіреді. Терең ұйқы кезінде, яғни түннің алғашқы жартысында иммунды қорғаныс жүйесінің күшеюіне ықпал ететін гормондар бөлінеді.
Ал адам түнгі 12-ден кейін ұйықтаса, оның иммунитеті төмендеуі мүмкін. Ағзада май, көмірсу, ақуыз алмасуына жауап беретін гормондар да бар. Олар да ұйқының нақты фазасында бөлінеді. Егер адам белгіленген уақытта ұйықтамаса, ол артық салмақ жинауы мүмкін", – дейді Әлия Байдәулетова.

Сомнологтың айтуынша, ұйқыны күтіп, оны бақылап отыру керек. Сонда адам оның шарапатын көреді.

Дәрігердің сөзінше, күнделікті бір уақытта жастыққа бас қойып, бір уақытта оянған адам өзін әлдеқайда сергек сезінеді.

"Бізде адамдар кешкі 9-ға дейін және 9-дан кейін ұйықтайтындар деп екіге бөлінеді. Бұл уақытта организмде ұйқы гармоны мелатонин бөлінеді. Бұл кешкі сағат 9-дан түнгі 11-ге дейінгі уақыт. Яғни сапалы ұйықтау үшін ең қолайлы уақыт. Сондықтан режимді сақтау маңызды", – дейді сомнолог.

Сонымен қатар, сомнолог ұйқысыздықтың неден туындайтынын түсіндірді. Айтуынша, заманауи технологиялардың дамуы, адамның ақпаратты үздіксіз түрлі гаджеттер арқылы алуы ұйқысыздық дертінің пайда болуына ықпал етеді.

"Бұдан ұйқысыздық дертінің қаупі туындайды. Мен ұйқысыздықтың ауыр түрлерін емдеймін. 3-7 жыл ұйқысыздықтан жазыла алмаған соң, маған келіп жүрген пациенттер бар. Олар ұйқы келтіретін дәріге тәуелді болып қалған.
Біз ұйқысыздықты когнитивті терапия әдісі арқылы емдейміз. Оның еш құпиясы жоқ. Пациентке арнайы кесте беріліп, сол бойынша емделеді. Оларға екі кеңес береміз.
Біріншісі, төсекте жатудың уақытын шектеу, екіншісі салауатты өмір салтын ұстану", – дейді Әлия Байдәулетова.

Дәрігер түнгі уақытта жұмыс істейтін мамандық иелерінің қауіпті дертке шалдығу қаупі жоғары екенін жеткізді. Өйткені, түнде жұмыс істеу организмге артық салмақ түсіреді.

"Бұл организмге зиян тимеуі үшін керек. Мысалы, ұзақ уақыт түнде жұмыс істейтін мамандық иелері бар. Олар – шахтерлар, метро жүргізушілері, медбикелер, реаниматологтар және тағы басқа. Бұл мамандардың түрлі ауруға шалдығу қаупі жоғары. Оның ішінде ұйқысыздық, жүрек-қан тамырлары аурулары, күретамырлық қысым, қант диабеті ауруы бар", – дейді ол.

Сондай-ақ дәрігер қорылдың екі түрі барын атап өтті. Біріншісі, адамның денсаулығына зиянын тигізбейді. Десе де дәрігерге қаралғанның артығы жоқ. Екіншісі, адамның өміріне қауіп төндіреді. Ол бұл ауруды 16 жыл бойы зерттеп жүр екен.

"Қорылдың бұл түрін ұйқының обструктивтикті апноэ синдромы дейді. Пациент ұйықтаған кезде 400-500 рет тыныс алу ритмі бұзылады. Ол түнде 1-1,5 минут демалмауы мүмкін.
Бұл ауру артық салмағы бар адамдарда кездеседі. Тыныс тоқтаған соң, жүрек қатты соғады, әрі миға ауа жетпейді. Демалу ритмі бұзылған соң, адам өліп кетуі мүмкін", – дейді сомнолог.

Ол бұл дерттің сипап әдісі арқылы емделетінін жеткізді. Яғни науқас ұйықтар алдында арнайы құралға бекітілген масканы киіп, құралды іске қосады. Маскадан адамға ауа беріліп тұрады. Осылайша, пациенттің түнде тынысы бұзылмайды.

"Тісті қалай күтсеңіз, ұйқыны да солай күтіңіз. Уақытында тұрып, уақытында ұйықтаңыз. Түнде қорыл пайда болмас үшін салмағыңызды қадағалаңыз. Салауатты өмір салтын ұстаныңыз", – деп қазақстандықтарға кеңес берді Әлия Байдәулетова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1820482-adam-koryldan-lip-ketui-mmkin-somnolog-jkyny-mayzyn-tsindirdi/