Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Нұр-Сұлтан тұрғыны 4 пайыздық автокредитті қалай алғанын айтып берді

Опубликовано:

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Айгүл Сермағамбетова 4 пайыздық автокредит бағдарламасы бойынша көлікті қалай рәсімдегенін айтып берді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Көрнекі фото: pixabay
Көрнекі фото: pixabay: Instagram

Басылым мәліметінше, есепші болып қызмет істейтін әйел адам үш жыл бұрын Алматыдан елордаға көшіп келген.

Ол көлікке тиімді несие арқылы қалай қол жеткізгені туралы баяндап берді.

"Негізі, мен 4 пайыздық автокредит бағдарламасы туралы талай естігенмін. Бірақ Алматыда жұмыс істеп жүргенде көлік алуға қорықтым. Өйткені ол жақта машина көп, кептеліс те жиі болып тұрады. Содан темір тұлпарымды асықпай алуға шешім қабылдадым. Ал астанаға көшіп келгесін бұрынғы арманымды іске асыруға бел будым", - деді Сермағамбетова.

Оның сөзінше, автокредиттің құжаттарын шілде айында тапсырған.

Оған дейін тағы банкке өтініш жазғаны белгілі болды.

Бірақ бағдарлама бойынша оның қаражаты кеш түседі делінген.

Содан, әйел адам бірден басқа банкке құжат тапсырып, екі айдың ішінде су жаңа көлігін алды.

"Білуімше, бюджет қаржысы әрқалай бөлінеді. Банктерге траншпен бөлінетін сияқты. Сосын револьверлік қаражат, яғни бұған дейін таратылған автокредиттер төленген сайын сол ақшаның есебінен жаңа кредиттер беріледі. Мен барған бірінші банкте менеджерлер бірден ақшаның ұзақ уақыт болмайтынын айтты. Содан мен басқасына тапсырдым. Екі айдың ішінде алғашқы көлігімді алдым", - деді Сермағамбетова.

Елордалық тұрғын 4 пайыздық автонесие бағдарламасында көп құжат сұрамайтынын жеткізді.

Оның сөзінше, бірінші кезекте "электронды үкімет" порталының құжаттары қажет.

Бастысы – тұрақты тіркеу мен тұрғылықты жері туралы анықтама, сосын зейнетақы жарналары көрсетілген құжат.

"Мен жұмыс туралы анықтама мен жалақының түбіртегін де алып бардым. Негізі, зейнетақы жарналарына көп мән береді. Банкке құжатты тапсырғаннан кейін, шамамен, 20 минуттың ішінде автокредитімді мақұлдады деген жауап келді. Бірақ қаржыландыруды күтуге тура келді. Сол себепті екі ай күттім. Білуімше, банкте пул жасақталады. Солай, тізім бойынша автокредит беріледі", - деді әйел адам.

Басылым дерегінше, бағдарлама бойынша тек Қазақстанда құрастырылған көліктерге ғана кредит беріледі.

Сермағамбетованың 5 миллион теңге тұратын JAC S3 маркасын таңдағаны белгілі болды.

Одан бөлек, КАСКО сақтандыру жүйесін міндетті түрде алу қажет.

Есепші автокредитті бес жылға рәсімдеп алды. Ай сайынғы төлем, шамамен, 67 мың теңгеге шыққан.

"Негізі, жеті жылға да алуға болатын еді. Ондайда ай сайынғы төлем 46 мың теңгеге төмендейді. Бірақ артық ақшаны көбірек төлеу керек. Сол себепті мен бес жылды таңдадым. Осы уақытта артық төлейтін ақшам небәрі 300 мың теңгенің айналасында болады. Ал, енді, әдеттегі автокредитпен салыстырсақ, айырмашылығы жер мен көктей. Онда 3 миллион теңгені артығымен төлейсің. Ол ақшаға тағы бір көлікті сатып алуға болады ғой", - дейді Сермағамбетова.

Автокредит бағдарламасы бойынша алғашқы жарнаның көлемі – 10-20 пайыз болу қажет.

Бұдан бөлек, утилизацияға тапсырылған көліктің сертификатын алғашқы жарна ретінде пайдалануға мүмкіндік бар.

"Алғашқы жарнаға ары кетсе, екі сертификат қабылдайды екен. Біз анамыздың ескі көлігін тапсырып, ақшалай сертификат алғанбыз. Жаңылмасам, оның құны 250 мың теңге болған. Соны алғашқы жарнаға салдық. Мен өзім 20 процентті құйдым. Соның ішінде жаңағы сертификат та бар. Автокредит бес жылға берілсе де, жарты жылдан кейін оны алдын ала өтеп тастауға болады", - деді Сермағамбетова.

Әйел адам бұған дейін ипотека алғанын да жасырмады.

"Ипотекам бар болғасын автокредитті үш жылға емес, бес жылға рәсімдедім. Себебі күнделікті өмірге де ақша қалуы қажет қой. Банктер де осы мәселеге баса назар аударады. Сосын әрбіреуінің есеп-қисабы әртүрлі. Олар табыстан барлық кредитті алып тастайды. Ал оның сыртында күнделікті өмірдің ақшасы да қалуы тиіс. Олар ең төменгі күнкөрістің ресми көрсеткіштерін алмайды, өздерінің бір есептеу әдістері бар", - деді елордалық тұрғын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1824054-4-pajyzdyk-avtokreditti-nr-sltandyk-trgyn-kalaj-alganyn-ajtyp-berdi/

pixel