Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Данияр Есин Түркістандағы «Рухани жаңғыру» аясындағы жұмыстармен танысты

Опубликовано:

Бүгін бір топ Үкімет мүшелері Түркістан облысына іссапармен келгені белгілі. Сол топ құрамында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин Түркістандағы облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесіне атбасын бұрып, осы бағытта атқарылған жұмыстармен танысты.

Түркістан
Фото: Түркістан Өңірлік коммуникациялар қызметі: Facebook

Бүгінде Түркістан облысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша елімізде көшбасшылар қатарында тұр. Соңғы 2 жыл көлемінде өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Көне жетігеннің сыры» көркем және «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан», «Бәйдібек би» анимациялық фильмдері көрерменге жол тартты. Биыл «Төле би» сериялының түсірілімі аяқталып, «Хабар» арнасынан көрсетілді. «Түркістан», «Оқсыз оқиғасы», «Ордабасы – бірлік туы» атты анимациялық фильмдер шығарылды. Сонымен бірге өңірдің киелі әрі туристік орындарынан сыр шертетін құнды кітаптар жарық көрген. Облыстағы айрықша маңызы бар тарихи-мәдени сәулеттік және археология ескерткіштерінің фотоальбомы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде және «Оңтүстіктің қасиетті орындары:аңыз-әпсаналар» жинағы жарық көрді.

Түркістан
Фото: Түркістан Өңірлік коммуникациялар қызметі: Twitter

Сонымен қатар Түркістан облысы ақын жазушыларының таңдамалы 10 кітабы шығарылды. Бұл жинақта республикаға және облысқа белгілі 22 қаламгердің дүниелері ұсынылды. Биыл 2 томдық «Түркістан облысындағы киелі жерлердің географиясы» жинағы мен «Тамыры терең Түркістан» ғылыми-танымдық альбомы таныстырылды.

«Туған жер» бағдарламасы мен «Алтын ұям» жобалары бойынша да облыста көптеген қайырымдылық іс-шаралары атқарылған. Осы және өзге де жетістіктерді саралаған вице-министр Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы шеңберінде жұмыс қарқынын төмендетпеуді тапсырды.

Түркістан
Фото: Түркістан Өңірлік коммуникациялар қызметі: Facebook

Бұдан кейін Данияр Есин Түркістан облысы, Кентау қаласының ақсақалдары және жастарымен кездесіп, пікір алмасты. Аға буын өкілдерінің елді дамыту жөніндегі ұсыныстары мен жалынды жастардың ой-пікірлерін тыңдап, жастарға мемлекет тарапынан қолдау жалғаса беретінін айтты.

Түркістан
Фото: Түркістан Өңірлік коммуникациялар қызметі: Facebook
«Қазіргі таңда елімізге кәсіби мамандар қажет. Сондықтан оқу орындары кәсіпорындармен келісе отырып, сұранысқа ие мамандықтарды анықтап, жастарды оқытқаны жөн. Бүгін ақсақалдар мен жастардың бір арнада ой тоғыстырғаны дұрыс болды. Әрдайым ұрпақтар сабақтастығы болғаны дұрыс», – деген Данияр Есин Түркістан облысын дамытуда, жалпы елді өркендетуде әрбір азаматтың қосар үлесі бар екенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1824216-daniar-esin-trkistandagy-ruhani-zagyru-aasyndagy-zmystarmen-tanysty/

pixel