Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ғали Есқалиев Батыс Қазақстан облысының тоғыз айдағы жетістіктерін қорытындылады

Опубликовано:

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев президенттің Қазақстан халқына жолдауын іске асырудағы өңірдің жетістіктері мен ағымдағы жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуын сөз етті. Өңір басшысы бұл аралықта атқарылған жұмысты орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қорытындылады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі: Twitter
«Тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыста көптеген қызмет бағыттары бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы аймақтық өнім 1,4 трлн. теңгені құрады. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда, 145 млн теңгеге жоғары. Ағымдағы жылдың тоғыз айында 1,8 трлн. теңгені құрайтын өнеркәсіп өнімі жасап шығарылды», - деді Ғали Есқалиев.

БҚО әкімінің мәлімдеуінше, агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы аймақ экономикасы драйверлерінің бірі болып табылады. Есепті кезеңде аймақтық жалпы өнім көлемі 118 млрд. теңге болды. Өткен жылмен салыстырсақ, бұл көрсеткіш 2%-ға жоғары. Мал шаруашылығы облыстың агробизнесінің негізгі бағыты болып табылады.

Облыс етті ірі қара малдың саны бойынша республикада 2 орын алады. Былтыр етті ірі қара малдың саны 456 мың болса, биыл бұл көрсеткіш 495 мыңды құрады. Биыл олардың санын көбейту үшін 15 мың мал басына арналған бордақылау алаңдарын ашу жоспарда бар.

БҚО-да осы жылдың тоғыз айында негізгі капиталға салынған инвестициялар 36% -ға артып, 388 млрд теңгені құрады. Ал оның 90%-ы жеке инвестициялар.

Бүгінде облыста көлемі бір триллионнан астам теңгені құрайтын, бес мыңға жуық жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 42 жаңа ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Оның ішінде 8 жоба шетелдің қатысуымен жүргізіліп жатыр

Биыл жалпы құны 317,7 млрд. теңгені құрайтын, 500 жұмыс орны құрылатын 10 жоба іске қосылады. Оның ішінде осы жылы газ дайындау қондырғысы, шарлы қалпақшалар өндірісі, тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және өңдеу, кабель өнімдерін шығару, полиэтилен құбырларын шығару бойынша жобалар іске қосылған.

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі: Instagram
«Жалпы, БҚО-ның инвестициялық әлеуеті өте жоғары. Біз аграрлық өнеркесіп кешені, туризм және автомобильдердің транзиттік ағымын пайдалану және т.б. салалар бойынша жаңа инвестициялық жобалардың пулын дайындап жатырмыз. Біз әлеуетті инвесторлардың сұрақтарына жедел және тиімді жауап беретін инвесторларға қызмет көрсету жүйесін құруды аяқтап жатырмыз », - деді Есқалиев.

Сондай-ақ, өңірде инфрақұрылымды құруға және дамытуға көп көңіл бөлінеді. Мәселен, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бөлінген 16 миллиард теңгеден астам қаражатқа Орал және Ақсай қалаларында 17 көп пәтерлі тұрғын үй, ауылдық жерлерде 117 үй салынуда. Жалпы үш мыңға жуық пәтер.

Жыл қорытындысына сәйкес, алты көп пәтерлі тұрғын үй және ауылдағы 49 тұрғын үйді кезекте тұрған адамдарға жалға беру жоспарланған. Бұл пәтерлердің жалпы саны 1080.

Облыста ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік әлсіз топтары санатындағы 394 отбасы баспаналы болды. Олардың 243 көп балалы отбасылар. Сонымен қатар, жеке инвестициялар есебінен биыл жалпы көлемі 386 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілмек.

БҚО-да тұрғын үй мәселесі тек мемлекеттік бюджет есебінен шешілмейді. Оралда МЖӘ негізінде апаттық және тозығы жеткен үйлерде жаңа тұрғын үй салу механизмі белсенді қолданылады. Бұл механизм бойынша апаттық пәтер иелері өздері тұрған ауданнан шаршы метрі тең жаңа баспана алады. Бүгінде осындай бес үй салынып жатыр. Нәтижесінде, 480 пәтер салынып, апаттық жағдайда қалған 65 отбасы баспаналы болады.

«Көптеген қалалардағыдай, баспана мәселесі біз үшін де өзекті. Орал қаласының халқы жыл сайын 5-7 мың адамға артып келеді. Қалада 20 мыңнан астам адам кезекте тұр. Осы мәселені жеңілдету үшін Орал қаласында жаңа «Ақжайық» шағын ауданының құрылысын салу бойынша ірі жоба жасалды. Оның жалпы ауданы 425 гектарды құрайды, 50 мың адамға арналған, - деді Ғали Есқалиев.

2019 жылы ұзындығы 364 шақырым болатын жолдарды жөндеу мен салуға 27,3 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 335 км жол пайдалануға берілді.

Айта кетейік, Елбасы БҚО-ға жасаған сапары барысында Қазталов, Жәнібек және Бөкейорда аудандарына асфальтталған жол салуды тапсырған болатын.

Жаңа жолдардың жалпы ұзындығы 245 км құрайды, ол үшін шамамен 55 млрд. теңге бөлінеді. Қазіргі таңда барлық мердігерлер анықталып, кейбір аудандарда жұмыс басталып кетті. Ол жұмыстар 2021 жылдың соңына дейін аяқталмақ.

Сондай-ақ, елдің транзиттік әлеуетін пайдалану үшін Самара облысымен шекарадағы «Сырым» өткізу бекеті кеңейтілді. Жобаның сомасы 2,2 млрд. теңгені құрады. Бұрын 2 жол жүру жолағы болса, қарашадан бастап жолдар саны сегізге дейін көбеймек.

Орал қаласында «Нефтебаза» ауданында ұзындығы бір км және құны 5,2 млрд теңге көпір қайта жаңғыртылуда. 1972 жылы салынған «Орал» халықаралық әуежайының терминалын қайта құру басталды.

2019 жылы 54 мыңнан астам халқы бар 40 ауылда сумен жабдықтаудың 29 нысанын салу және қайта құру басталды. Осы мақсатта 4,3 миллиард теңге бөлінді. Биыл су шамамен 35 мың адам тұратын 26 ауылға келеді. Нәтижесінде халықты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 86,6% -ға дейін артады.

6 мыңға жуық адам тұратын аймақта 16 елді мекенді газбен қамту жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде биыл 9 ауылдық елді мекенді газдандыруды аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде облыс халқының табиғи газбен қамтамасыз ету үлесі 96,1% дейін артады деп күтілуде.

Облыстық бюджеттің 52% немесе 113,8 млрд.теңге әлеуметтік салаларға бөлінді. Сонымен қатар, Ғали Есқалиев өңірдегі білім беру және денсаулық сақтау мәселелеріне тоқталды.

БҚО әкімі білім адами капиталды дамытуда маңызды рөл атқарып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуынның қозғаушы факторы екенін атап өтті.

Білім беру саласындағы аймақтағы мәселелердің бірі мектеп ғимараттарының жағдайы болып табылады. БҚО-да апатты жағдайда тұрған 8 мектеп пен үш ауысымды 6 мектеп бар. Бұл мәселені шешу үшін Ақжайық ауданы мен Орал қаласында екі мектептің құрылысы басталды. МЖӘ схемасы бойынша келер жылы тағы төрт мектеп салынбақ.

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі: Instagram

БҚО бастауыш сынып оқушыларының 100% -ы жергілікті бюджет есебінен тегін тамақпен қамтылған республикадағы үш облыстың бірі болып табылады. Қазіргі уақытта оралық мектеп асханалары электронды қызмет көрсетуге ауысуда.

Орал қаласындағы Деркөл ауылында комьюнити-орталығының ашылуы аймақтағы жаңа енгізілім болды. «Қомьюнити-орталықтың» мақсаты - тұрғындарды салауатты өмір салтына тарту және балалар, жастар мен ересектердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру болып табылады.

Денсаулық сақтау саласында негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер бойынша оң үрдіс байқалады: бұл жалпы өлімнің 5,4% -ға, сәби өлімінің 19,9% -ға төмендеуі.

Нәрестелер өлімін азайту мақсатында медициналық ұйымдар 17 мамандандырылған ультрадыбыстық аппараттармен жабдықталып, 38 маман туа біткен кемістігін ерте анықтау бойынша оқытылды.

Жалпы өлім деңгейін одан әрі азайту үшін жақында Ақжайық аудандық ауруханасы базасында екінші деңгейлі инсульт орталығы ашылды. Ол халық саны 110 мыңнан асатын бес ауданды қамтиды.

МЖӘ бойынша Шыңғырлау ауданында дәрігерлік амбулатория салынып, онда магнитті-резонанстық томограф, компьютерлік томограф, ангиограф орнатылды.

Өңірде мәдениет пен спортты дамыту мақсатында Оралда халықаралық стандарттарға сәйкес 900 орынға арналған концерт залы бар Мәдениет үйі салынуда.

Спортшыларды әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысуға дайындау үшін дарынды балаларға арналған 250 орындық спорттық мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде.

Болашақта төрт миллиард теңгеге жуық сомада облыстың алты аймағында тағы 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салыну жоспарлануда.

«Менің білуімше, біздің облыс республикада жер сауда-саттықтарын электронды түрде өткізетін жалғыз аймақ. Биыл аумағы 97 гектар жер учаскелерін жалға беру құқығын беретін 34 аукцион өткізілді» , - деді Ғали Есқалиев.

Елорданың үлгісімен, БҚО-да бірыңғай диспетчерлік «109» қызметі енгізілді. Нәтижесінде тұрғындардың шағымдары мен ұсыныстарына жауап беру сапасы жақсарды. Жақында бірыңғай диспетчерлік «112» қызметі жұмысын бастамақ.

Мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттыру үшін көптеген кездесулер мен хат алмасулардың орнына «Битрикс» платформасында «Жобалық кеңсе» құрылды. Қазір инвестициялық жобалар мен маңызды оқиғаларды басқару және мониторинг онлайн режимінде жүреді.

«Президенттің «Назар аударатын мемлекет» тұжырымдамасын қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау аясында бірқатар облыстық басқарманың бюджеттерін қоғаммен бірге талдай бастадық. Біз бюджет көлемін әлеуметтік желілерде жариялаймыз, мемлекеттік сатып алу жоспарларын талқылауға мамандарды шақырамыз, - деді әкім.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1826902-gali-eskaliev-batys-kazakstan-oblysyny-togyz-ajdagy-zetistikterin-korytyndylady/

pixel