Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандықтар әлеуметтік мәртебесіз медициналық көмек ала алмай қалуы мүмкін

Опубликовано:

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетін болады. Қазақстанның әрбір азаматы өзінің әлеуметтік мәртебесін анықтауға міндетті, әйтпесе олар бірқатар тегін медициналық қызмет ала алмайды, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы.

Қазақстандықтар әлеуметтік мәртебесіз медициналық көмек ала алмай қалуы мүмкін
Фото: Pixabay.com: Facebook

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтардан өз мүдделері үшін көлеңкеден шығуды сұрайды. 2020 жылдың басынан бастап олар медициналық көмексіз қалуы мүмкін. Бірқатар медициналық қызметтерді тиісті көлемде тегін алу үшін өзінің әлеуметтік мәртебесін дербес анықтау қажет.

"Егер сіз жалдамалы қызметкер болсаңыз және еңбек келісім шартынсыз жұмыс істесеңіз, міндетті зейнетақы аударымдары болмаса, кәсіпкерлік немесе өзге де қызметті тіркеусіз жүзеге асырсаңыз, тіркелмеген жұмыссыз болсаңыз, өзін - өзі жұмыспен қамтығандар қатарында болсаңыз, студент немесе үй шаруасындағы әйел болсаңыз, бала күтімі бойынша демалыста болсаңыз, міндетті түрде жұмыспен қамту орталығына немесе ХҚКО-ға барып, өзіңіздің әлеуметтік мәртебеңізді анықтауыңыз керек", - деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығында.

Мамандар атап өткендей, қазақстандықтар алдағы уақытта проблемаларды болдырмау үшін мұны қазіргі кезден бастап істеуі керек.

"Тегін медициналық көмектің тізіміне: кеңестік-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрі - дәрмекпен қамтамасыз ету, жоспарлы, стационарды алмастыратын және стационарлық көмек, медициналық оңалту, жоғары мамандандырылған операциялар кіреді", - деп түсіндірді жұмыспен қамту орталығында.

Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар да осы үндеуді орындаулары қажет. Айта кету керек, азаматтардың 15 санаты әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден босатылады, дегенмен олар мәртебесін анықтау үшін мемлекеттік органдарға жүгінуге міндетті.

Естеріңізге сала кетейік, жарнаны мемлекет төлейтін тұлғаларға келесі санаттағы азаматтар жатады:

  • балалар;
  • жұмыссыз ретінде ресми тіркелген адамдар;
  • жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
  • үш жасқа толмаған бала (балалар) тәрбиесімен аналысатын жұмыс істемейтін азаматтар;
  • бала (балалар) туу немесе жаңа туған сәбиді (сәбилерді) асырап алуға байланысты, баласы (балалары) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыс алған адамдар;
  • мүгедек бала күтімімен айналысатын жұмыс істемейтін азаматтар;
  • зейнеткерлер, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;
  • сот үкімі бойынша қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар;
  • тергеу изоляторларында отырғандар;
  • жұмыс істемейтін оралмандар;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен немесе бұрын «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар;
  • мүгедектер;
  • орта, кәсіптік-техникалық, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында іштей оқып жатқан тұлғалар;
  • балалық шақтан бірінші топ мүгедегі болып табылатын жарымжан тұлғаның күтіміне байланысты үйде отырған, жұмыссыздар;
  • мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатын жұмыссыз азаматтар.

Әлеуметтік мәртебені анықтау үшін оңтүстік астана тұрғындары Алматы қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына, мына мекен-жай бойынша хабарласа алады: Назарбаев даңғылы, 50 (Жібек Жолы көшесінің қиылысы).

Анықтама телефондары: + 7 (727) 224-20-00, 221-66-11. Болмаса, тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына баруға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1829040-kazakstandyktar-leumettik-mrtebesiz-medicinalyk-kmek-ala-almaj-kaluy-mmkin/

pixel