Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбедегі «Анаға тағзым» орталығында «Үлгілі келін» таңдалды

Опубликовано:

Ақтөбе қаласы жастар ресурстық орталығы "Үлгілі келін -2019" сайысын өткізді. Өңірдің қыз-келіншектері ұлттық тағамдар жасап, салт-дәстүрден өнер көрсетіп жарысты. Ұлттық асты әзірлеуде барын салған жас келіндер елдің алдында нан илеп, шеберліктерін шыңдады. Бірі енелерінің сары майдай сақтаған сүр етін асса, екіншілері ұмыт қалған ұлттық тағамдарды ұсынған.​

Ақтөбедегі «Анаға тағзым» орталығында «Үлгілі келін» таңдалды
Фото: Ардақ Ерубаева: Original

«Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарымызды сақтау, ұлықтау, өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына қазақтың салт-дәстүрін сіңіру мақсатында өткен шараға қалаға әкімінің орынбасары да қатысты.

"Әйелдің қолымен отбасының берекесі келеді. Бұл шараның негізгі мақсаты - жас келіндер арқылы ұлттық дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды жаңғырту. Осы шара арқылы ізгілік пен инабаттылық, биязылық сияқты қазақ әйеліне тән жақсы қасиеттерді қалыптастыруға белсенділік танытып отырған келіндеріміздің өмір жолына сәттілік тілейміз", - деді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева.

Сайыстың шарты бойынша бірінші кезеңде келіндердің ептілігі сыналды. Ұлттық дәстүрге қатысты сұраққа жауап берген келіндер отбасылық үйлесімділікті де көрсетті.

Ақтөбедегі «Анаға тағзым» орталығында «Үлгілі келін» таңдалды
Фото: Ардақ Ерубаева: Original

Байқауда стипендиясын жинап, кәсіп ашқан жас келіншек жеңіске жетті. Ол сайыстың барлық талаптарынан оқ бой озық көрінген.

"Жолдасым екеуміз медициналық университеттің түлегіміз. Дәрігерлік мамандықты қызыл дипломмен бітірдім. Қазір бала күтімімен үйде отырмын. Кезінде жолдасым екеуміз стипендиямызды жинап, кәсіп ашқан болатынбыз. Қазір сол ісіміз табысты жүріп жатыр", - дейді Ұлданай Мақсұтқызы.
Ақтөбедегі «Анаға тағзым» орталығында «Үлгілі келін» таңдалды
Фото: Ардақ Ерубаева: Original

Талғампаз келіншектердің арасында жолдасының өтінішімен шараға қатысқандар бар.

"Менің отбасылы болғаныма 9 жыл. Өзім 19 жасымда жар атанып, тұрмысқа шықтым. Қазір үш балам бар. Көпбалалы ана болуды армандап жүрмін. Мамандығым инженер-құрастырушы​ ​​ болып еңбек етіп, бала күтімімен демалысқа шықтым. Өзім қосымша кәсіп аштым. Тәтті тағамдар жасаймын, балмұздық шығарамын.
Сайыс туралы жолдасым айтып, менің де бақ сынағанымды қалады. Отағасының сөзін жерге тастамадым. Енемнің байсалдығына таңқаламын. Жас та болса ақ жаулықты әжедей ақылын айтып отырады. Әулетке бала келін болып келіп, кейін ана келін атандым, ендігі арманым - дана келін болу", - деді қатысушы Меризат Есенжолова.

Ұйымдастырушылар сайысқа қатысуға ниет білдірген үміткерлердің көп болғанын айтады. 40 шақты қыз-келіншектен 11-і іріктелген.

Ақтөбедегі «Анаға тағзым» орталығында «Үлгілі келін» таңдалды
Фото: Ардақ Ерубаева: Original
"Үлгілі келін – 2019" атты байқауы екінші рет өтіп жатыр. Байқау 5 турдан тұрады.​ Отбасы құндылығын сақтау мақсатында осы байқау ұйымдастырылды. Себебі қазір жастар отбасын құрып, көп ұзамай ажырасып жатыр.
Біз байқау арқылы отбасы құндылықтарын насихаттауды жөн көрдік. Қатысуға ниет білдіргендер көп болды. 30-40 келіншектің ішінен сайыс ережесіне сай келетіні іріктелді", - деді Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Жандос Табылғанов.

Ақтөбеге келін боп түскен Маңғыстаудың қызы Ұлданай Мақсұтқызы "Үлгілі келін-2019" байқауының жеңімпазы атанса, Әсел Халидолла мен Меризат Есенжолова екінші және үшінші орындарды бөлісті.

Байқау ұйымдастырушылары шара жеңімпаздарын бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1829348-aktbedegi-anaga-tagzym-ortalygynda-lgili-kelin-tadaldy/

pixel