Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Болашақ" бағдарламасына іріктеу рәсімі ашық түрде өтетін болады

Опубликовано:

Цифрландыру елде ілгері қадам басуда. Келер жылдан бастап жаңа ақпараттық технологиялардың көмегімен "Болашақ" стипендиясына үміткерлерді іріктеу рәсімі ашық түрде өтеді деп жоспарлануда. Бағдарламадағы осы және өзге де жаңалықтар жайлы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари, сондай-ақ "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті Айнұр Кәрібозова айтты.

"Болашақ" бағдарламасына іріктеу рәсімі ашық әрі айқын болады
Фото: bolashak.gov.kz: UGC

"Болашақ" бағдарламасын іске асыруға жұмсалған 26 жыл ішінде 13 870 стипендия тағайындалды және 10 854 маман дайындалды.

Түлектердің жалпы санының 54,3%-ы әлеуметтік-гуманитарлық, 36,7%-ы инженерлік, 7,2%-ы медициналық және 1,8%-ы шығармашылық мамандықтар бойынша оқуды тәмамдады.

"Ағымдағы жылы шетелде кадрлар даярлау бойынша Республикалық комиссияның 3 отырысы өтті. 2019 жылы жалпы 555 стипендия бөлінді, оның ішінде ағымдағы жылдың 24 маусымында 134 стипендия Республикалық комиссияның шешімімен тағайындалды, осы жылдың 27 тамызында 187 стипендия, соңғы кездесудің қорытындысы бойынша, стипендия магистратура мен докторантурада білім алатын 234 талапкерге тағайындалды, сонымен қатар олар әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік ұйымдарында тағылымдамадан өтеді", - деді Рүстем Биғари, ҚР Білім және ғылым вице-министрі.

Сонымен қатар, "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті Айнұр Кәрібозова қазіргі таңда "Болашақ" бағдарламасы бойынша 20 елде 1199 шәкіртақы алушы білім алып жатқанын сөз етті.

"Шәкіртақы алушылардың арасында Ұлыбритания, Ирландия Республикасы секілді елдер ерекше танымалдыққа ие. Себебі "Болашақ" бағдарламасының 44,8% студенттері сол жерде жүр. Екінші орында АҚШ пен Канада - 41,5%, Еуропа елдері: Австрия, Швеция, Швейцария, Франция, Нидерланды, Финляндия, Италия - 6,4%. Азия мен Мұхит елдері үшінші орында - 5,5%. Ресей Федерациясы 2,2% -бен тізімнің соңында тұр", - деді Айнұр Кәрібозова.

Белгілі болғандай, 2020 жылдан бастап "Болашақ" халықаралық стипендиясын жүзеге асырудың жаңа тәсілдері енгізіледі.

Өзгерістер конкурстық іріктеуді жүргізудің тетіктерін жетілдіру және автоматтандыруды, оның кезеңдерін қысқартуды қарастырады.

Модернизация басымдыққа ие мамандықтар тізімін құру мәселесін де қозғайтын болады.

"Яғни, "Болашақ" бағдарламасы келер жылдан бастап экономика үшін мақсатты түрде мамандарды дайындаумен айналысады. Қазіргі таңда күллі әлем қарқынды дамып келе жатқаны баршамызға мәлім, Қазақстан да бұл орайда шетте қалып қойған жоқ. Мамандықтар жыл сайын өзгеріп отырады, сол себепті еңбек нарығында айтарлықтай икемді әрі сұранысқа ие болу керек", - деп түсіндірді вице-министр.

Сонымен қатар, білім сапасын арттыру мақсатында "Болашақ" бағдарламасы бойынша пәндік бағыттар бойынша білім алуға ұсынылған университеттердің тізімі қысқарады.

Яғни, оқу орнының жоғары рейтингі жеке пәндердегі нәтижелерден өзгеше болуы мүмкін. Үміткерлердің білім деңгейіне қойылатын талаптар күшейтіледі, сондай-ақ, тіл бойынша дайындық тоқтатылады.

Сонымен қатар, саяси мемлекеттік қызметкерлер мен конкурстық рәсімдеулерге тікелей қатысы бар адамдардың байқауға қатысуына шектеу қойылады.

Ал халықаралық стипендиялық бағдарламалардың тәжірибесіне сүйене отырып, электрондық үкімет веб-порталындағы жеке кабинеті арқылы үміткерлердің құжаттарын қабылдауды ұйымдастыру мәселесі қарастырылуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1829502-bolasak-bagdarlamasyna-irikteu-rsimi-asyk-trde-tetin-bolady/

pixel