Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Туылған емес туған күн": Филолог кей сөздерді дұрыс қолданбайтын жандарға шүйлікті

Опубликовано:

Қазіргі уақытта қоғамда "туған күн" мен "туылған күн" сөздері қатар қолданып жүр. Осының қайсысы дұрыс екендігін Сая Елемесова есімді филолог көпшілікке түсіндіріп өтті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Abai.kz басылымына сілтеме жасап.

Фото: Massaget TV
Фото: Massaget TV: Instagram

Тіл маманы "туған күн" мен "туылған күн" сөздерінің ара-жігін ажыратып берді.

"Көпшілігінен байқаймын әлеуметтік желілерде дос-құрбыларды құттықтағанда "Туған күніңмен!" дегенді "Туылған күніңмен!" деп айтып та, жазып та қолданып жүр. Негізі "Туған күніңмен!" болуы керек. Кез келген әдеби шығарманы алып қараңыз халқымызда бұрын соңды бұндай сөз тіркесі қолданылмаған", - деді ол.

Сая Елемесова "туылған күн" сөзіндегі "ыл" ырықсыз етістің жұрнағы екендігін атап өтті. Оның айтуынша, ырықсыз етісте қимылдың иесі болмайды.

"Осы сөздің дұрыс еместігін айтсақ, анасының туған күні, өзінің туылған күні деп дауласатындар жетерлік. Алайда "ыл" жұрнағы өздігінен болған іс-әрекетке қолданылатын ырықсыз етіс жұрнағының бұл сөзге жалғануының орынсыз екендігін аңғармайды. Басқасын қойып, жай мысал келтіргеннің өзінде сәби өздігінен туылмайды. Мұны "келген күн", "көрген күн" деген сөздермен де растауға болады. "Дүниеге келінген күн" деп айтпаймыз ғой. Осының ара-жігін әр қазақ ажырата білуі керек", - деп ашынды филолог.

Тіл маманы "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі" жинағынан да мысал келтіруді ұмытпады.

"Егерде "туған күн" тіркесін "туылған күн" дейтін болсақ "өлген күн" сөзін "өлілген күн" дейміз бе?! Егер бұлай қолданатын болсақ: Мен туылған, мен жатылған, мен отырылған, мен тұрылған, мен жүрілген болып кетер еді. "туылған" деген беріде шықты", - дейді Сая Елемесова.

Филолог алаштың ардақты азаматтарының шығармасынан да мысал келтірді.

"Қазақтың жазушы классиктерінің кітаптарын оқып қараңыздар, бәрінде - "туған күн". Қазақ тілінің түсіндірме сөздіктерін қараңыздар (бұрынғысын және қазіргісін) онда да анық жазылған (мағынасы, жазылуы, т.б.) - "туған күн".
Сондықтан қазақтың сөзін дұрыс жазу қажет. Хәкім Абайдың өзі де: "Туғанда дүние есгін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең" немесе Мұқағалиды алайық: "Бүгін менің туған күнім ой, пәлі-ай, Мына адамдар неге жатыр тойламай?!". Осылардағы "туған" сөзін байқауға болады, - дейді тіл жанашыры.

Маман еліміздің тұрғындарын қазақ тілін құрметтеуге шақырды.

"Қазақ тілінің өз емле, ережесі және сол үшін арнайы сөздіктер бар, соны сақтау керек. Әркім өз ережесін шығарып, ойына келгенін көже қыла берсе, тілден береке кетеді", - деді Сая Елемесова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1830279-tuylgan-emes-tugan-kn-filolog-kej-szderdi-drys-koldanbajtyn-zandarga-sjlikti/

pixel