Барлық жолаушының жолақысын төлеп берген ер адам желіде жұлдыз болды
Жарияланған күні:
Новосібір қаласында ер адам жолаушылар көлігіне мінген әр жолаушының жолақысын төлеген. Осылайша ер азамат автобусқа кірген 41 адам үшін 1200 рубль ақша шығарған деп жазады KAZ.NUR.KZ Life.ru-ға сілтеме жасап.

Көптеген желі қолданушыларын жомарт жанның іс-әрекеті тәнті етті. Олардың кейбірі ер адамға жылы лебіздерін білдірсе, енді бірі оның бұлай істеуіне нақты не себеп болғанын ойлап, бас қатырды.
Олардың ойынша, ер адам алкогольды сусын ішіп мастанғаннан немесе есірткі қабылдап алғаннан осындай жомарттық жасапты. Ал кейбірі оның біреумен бәстескенін жарыса жазуда.
Жергілікті басылым әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен азаматтың кім екенін анықтапты. Ол барнауылдық кәсіпкер Денис Сагайдак болып шықты. Ол Новосібір қаласына жұмыс бабымен келіпті.
"Біріншіден бұл қандайда бір науқан, мереке немесе туған күн емес. Оған қоса мен нашақор емеспін. Іштей осындай бір жақсылық істеуге итермелейтін сезім пайда болды", - деген Денис Сагайдак сөзін "Новосибирск онлайн" басылымы жеткізді.
Сондай-ақ, ер адам бұған дейін бұлай жасап көрмегенін сөз етті. Сол себепті ол жолаушылардың жолын төлеуге ниет білдірген кездегі олардың реакциясы оны қатты таңғалдырғанын алға тартты.
Сонымен қатар, Сайгак өзінің ісімен біреудің жүрегіне жылулық ұялата алдым деген сенімде. Ол адамдар "өздері үшін бір шешім қабылдар" деп үміттенеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1830306-barlyk-zolausyny-zolakysyn-tlep-bergen-er-adam-zelide-zldyz-boldy/