Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Еліміздегі елді мекен атауларының шығу тарихын білесіз бе

Опубликовано:

«Жеріңнің аты – еліңнің хаты», «Көптің түсін білгенше, бірдің атын біл» деп дана халқымыз босқа айтпаған шығар. Шындығында, ат пен заттың үйлесімділігі сақталмаған жерде ұлт тарихы мен философиясының тереңде  жатқанын дәлелдеу қиынға соғады. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жариялап, ұлттың рухани құндылықтарын жаңғырту бойынша міндеттемелерді және өзекті мәселелерді көтеруі – ономастиканың бір саласына айналған жер-су, елді-мекен атауларын топонимикалық зерттеудің маңыздылығын одан әрі арттыра түсті, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.

ҰЛЫ ДАЛА: АТАУЛАР СЫР ШЕРТЕДІ
Фото: wikipedia.org: Twitter

Топонимика – жер-су, елді-мекен атауларының шығуы мен пайда болуын, мағынасын, құрылымының дамуын, таралу аймағын, жазылуы мен екінші бір тілде берілуін зерттеуге негізделген елдің рухани мұрасын байытатын ғылым салаларының бірі. Қазақстанда шамамен 2,7-3 млн. шамасында әр түрлі географиялық атау бар деп есептелінеді. Өкінішке орай, осындай халықтың рухани байлығы қазіргі уақытқа дейін толық жүйелі түрде жинақталмаған. Тіпті, көптеген топонимдер туралы қате түсініктердің халық арасында кең таралғаны да жасырын емес. Осы жерде Елбасымыз атаған «Ұлы даланың жеті қырларының» бірі Алманың отанына айналған Алатау баурайындағы кейбір елді-мекендердің атауларына назарларыңызды аудармақпыз.

Шамалған – Алматының іргесіндегі өзен және сол өзеннің бойындағы теміржол станциясы және Қаскелең ауданында бір ауылдың атауы осылай аталады. Ел аузында бұл атау Жетісуда XVІІІ ғасырда билік жүргізген қалмақ ханы – Шамалхан есімімен байланысты деген түсінік қалыптасқан.

Бұл түсініктің қате екендігін дәлелдейтін үш себеп бар:

Біріншіден, жер-су атауларын зерттеумен айналысып жүрген филология ғылымының докторы, топонимдерді зерттеуші Әбілбек Нұрмағанбетұлы «Жер-судың аты – тарихтың хаты» атты еңбегінде хан есімін өзенге әкеліп таңу қисынсыз екендігін көрсетеді. Өйткені, Ұлы даланың тарихи тәжірибесінде мұндай құбылыс кездесе бермейді. Су нысандарына дана халқымыз оның ерекшелігіне, түріне, түсіне немесе құрамына қарап атау беріп отырған.

Екіншіден, тарихи деректердің барлығында хан сөзі титул ретінде өзгермейтін кісі есімінен соң бөлек жазылады. Сондықтан Шамалған атауын Шамалхан есімінің өзгерген түрі деп қараудың еш мәні жоқ.

Үшіншіден, қазақ халқы қасиетті деп санаған Шамалған сияқты су атауларын ешқашан тарихи жауымен байланыстырмаған. Бұл кейіннен қалыптасқан қате түсінік.

Шамалған атауының түп-тегі туралы зерттеушілер пікірі мынадай: «чамал» – «салқын», «ған» – «сай, шатқал» деген мағынаны білдіріп, екі сөздің қосылысынан чамалған сөзі туып – Самал сай деген мағынаны білдіреді.

Қаскелең – өзен, Қарасай ауданының орталығы болып саналатын қала атауы. Бұл атаудың шығу тарихы, мән-мағынасы жайлы әр түрлі пікірлер бар. Байырдағы қалмақтың батырының атымен байланыстыратындар да шығады.

Алайда, ономастиканың атасына айналған ғалым, профессор Телғожа Сейдінұлы Жанұзақов қалмақ батырлары мен хандарының есімдерінің тілдік сипаты жағынан да, құрылымдық жүйесі жағынан да мүлдем ерекше екендігін алға тартады. Мәселен, қалмақ батырларының есімдері: Сван Доржы, Седен Рабдан, Галдан Серен, Маңдабар, Манжа, Гонхар және тағы сол сияқты.

Ел аузында айтылып келе жатқан мынадай аңыз бар: «Бұрынғы замандарда қазіргі Қаскелең өзенінің бойындағы ауылда бір бақуатты байдың екі ақын келіні болыпты. Алыс-жақыннан келген өлеңші ақындарды жеңбей қоймапты. Содан екі келін «қос келін» атанып, жердің атауы «қос келіннің ауылы» деп аталып, қысқартылып, «Қоскелін» болған. «Қоскелінді» кейіннен орыстар өз тіліне бейімдеп, картографиялық материалдар мен алғашқы очерктерінде «Каскелең» деп көрсеткен. Қоскеліннің Қаскелеңге айналып кеткен себебі осында. Қаскелеңді Қаскелең өзені бастау алатын Қосөлең тауымен (Қасқасу шатқалының бұрынғы атауы) байланыстыратын мәліметтер де бар.

Қай дерекке сүйенсек те, Қаскелең қазақтың төл атауынан туындағандығын ұмытпаған жөн.

Боралдай – Алматы төңірегіндегі жер және елді-мекен атауы. «Боралдай» сөзінің немен байланысты екендігіне тоқталып көрейік. Қалмақ тіліндегі «буурылда» қалпында дыбысталған сөз «жусан (өсімдік)» ұғымын береді. Демек, Боралдай дегеніміз – жусанды, жусаны көп өсетін жер ұғымын береді екен. Бұл жердің атауын қалмақ және моңғол батырының атымен байланыстырып жатады. Энциклопедиялық мәліметтерде 1236 жылы моңғол қолбасшысы Бұрындай әскері қыстап шыққан деп көрсетіледі. Алайда, бұл өлкеде тарихы анағұрлым тереңде жатқан (шамамен 2,5 мың жыл) дала өркениетінен сыр шертетін Боралдай сақ қорғандардары орналасқандығын ескерсек, Боралдай атауы осы тарихи ескерткішпен байланысты деп топшалауға болады. Әрине, бұл одан ары зерттеуді қажет етеді.

«Жер-судың аты – тарихтың хаты» екендігі күмәнсіз. Осыған орай, тарихымызға терең үңіліп, ескі әрі есті атауларды қайта жаңғырту арқылы рухани құндылықтарымызды түгендейтін, ұлы даламыздың қойнауында жатқан құпияларды ашатын кез келді. Тек қана қазақ жерінде ғана емес, қазақтың ұлы тұлғаларының аяғы басқан, еңбегі сіңген тарихи қоныстарымыздағы топонимдерді зерттеу қажет. Ресей жерінде қазақ ұғымдарымен аталатын қалалар мен елді-мекен атаулары көптеп саналады. Ресей аумағындағы Омбы – Омск, Орынбор – Оренбург, Сарытау – Саратов, Қорған – Курган, Түмен – Тюмень сияқты ірі қалалардың атауларымен қоса Ақбұлақ, Теміртау, Көміртау, Қуандық, Айдарлы, Қарталы, Домбыралы және осы сияқты толып жатқан елді-мекендердің, Ырғыз, Елек өзендерінің әп-әдемі атаулары қаз-қалпында сақталған. Бұл топоним атауларының шығу тарихын терең зерттесек, тұңғиығы терең тарихтың тылсым сырларын ашуға болады. Сондай-ақ, қазақтың жасындай жарқырап, құйрықты жұлдызына айналған «Шоқан Уәлихановтың ізімен» зерттеу жүргізудің Уәлиханов философиясын айшықтап, қаламының ұшы тиген туындыларын түгендеуге мүмкіндік береді. Өзбекстан жеріндегі Төле би, Қазыбек би, Жалаңтөс батыр сияқты нар тұлғаларымыздың қалдырған рухани мұраларын тарихи топонимдік кешенді зерттеулер арқылы түгендеу – өрісімізді кеңейтіп, рухымызды байыта түсетіні сөзсіз.

Жер-су атауларын жинақтау, тарихи атауларды қалпына келтіру және топонимдік қате түсініктерді жою  үшін мынадай шараларды жүзеге асыру қажет деп есептеймін:

1)      Архивтердегі тың  мәліметтерді іздестіру, арнайы экспедициялық зерттеулер арқылы жер-су, елді-мекен атауларының пайда болуы туралы тарихи деректер, өсиет-әңгімелер және топонимикалық аңыздары жинақталған «Ұлы даланың топонимикалық энциклопедиясын» құрастыруды қолға алу қажет.

2)      «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасындағы міндеттерді де негізге ала отырып,  аталған энциклопедиялық еңбекті цифрландыру арқылы оның қолжетімділігін және ақпараттық жедел табылуын қамтамасыз ету қажет. Ол үшін Ұлы даланың, оның ішінде қазіргі Қазақстан аумағындағы рухани құндылықтарды жинақтайтын, басты бөлімі «Дала сыры» деп аталатын (тарихи деректер, аңыз-әпсаналар, әр түрлі өлкелердің географиялық атаулары мен олардың қалыптасу және даму ерекшеліктерін сипаттайтын мағлұматтары бар және интерактивті карталар салынған) интернет ресурсын құрудың да өскелең ұрпақ үшін маңыздылығы орасан. Өйткені, аталған еңбектің қала мен ауылдағы жастар үшін қолжетімділігі бірдей болуы маңызды.

«Рухани жағынан сұлу адамдар – бұлар ең алдымен бақытты адамдар» демекші, мемлекет дамуын және қоғамдық сананың кемелденуін қамтамасыз етудің бір ғана жолы «рухани жаңғыру» екендігі күмәнсіз. Жетісудың заңғар тұлғаларының бірі, жазушы Сағат Әшімбаев «Рухани мәдениетінің өрісі басқаларға да ортақ болу дәрежесіне жету – халықтың жасампаздығының кепілдігі» деп көрсеткендей, жасампаз істерді күллі қазаққа ортақ болған дүниелерді жаңғыртудан бастау керек деп есептеймін.

Осы бағытта мен еңбек етіп жүрген Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің атқарып жатқан жұмыстары да аз емес. Университетіміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «7 жаңа туристік маршрут», «Ұлы дала құпиясы», «Менің Отанымның рухани мұрасы», «Туған жерге тағзым» сияқты ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Аталған жобаларды орындауда ғалым-ұстаздарымызбен бірге жас ғалымдарымыз бен студент- жастарымыздың белсене атсалысып жатқандығы көңіл қуантады.

Әрине, бұл дәстүр жалғасын табады дегенді білдірсе керек.

Шахислам ЛАЙСХАНОВ, Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университеті  География және туризм кафедрасының меңгерушісі, PhD.

*материал Рухани Жаңғыру бағдарламана сәйкес дайындалды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1830515-elimizdegi-eldi-meken-ataularyny-sygu-tarihyn-bilesiz-be/

pixel