RU

Әсемгүл Балташева: Келер жылы 17 проактивті қызмет іске қосылады

Биылдан бастап проактивті форматтағы қызметтердің саны толыға түсті, қажетті мемлекеттік қызметтерді SMS арқылы алу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Сондай-ақ ХҚО-да өз бетінше алынған электронды қызметтер саны 4 млн-ға өсіп, қағаз құжаттарының айналымы азайды.

Әсемгүл Балташева: Келер жылы 17 проактивті қызмет іске қосылады
Фото: Правительство для граждан: Facebook

Осы ретте, проактивті қызметтің қандай түрлері бар және олардың тиімділігі неде? Миграциялық және цифрлық ХҚО-дағы оң өзгерістер қандай? Осы және өзге де сауалдардың жауабын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева айтып берді.

«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының бүгінгі жетістіктерін атап өтсеңіз?

– Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы мемлекеттік қызметтің 89%-ын жүзеге асырады. Осы мақсатта оңтайландыру және автоматтандыру процесіне байланысты жұмыстар атқарылып жатыр. Біріншіден, сұранысқа ие анықтамаларды айналымнан алып тастау міндеті қойылды. Барлық ақпараттық базалар өзара ықпалдастырылып, азаматтар артық қағазды бір органнан екіншісіне апарып жүрмейтіндей жағдай жасалып жатыр.

Оның үстіне, керекті қызметтерді электронды түрде алушылар санын көбейтуіміз керек. Халық ыңғайлығы үшін көптеген қызметтің электронды түрдегі баламасы жасалып жатыр. Мысалы, таяуда ғана біз жылжымайтын мүліктің техпаспортын egov.kz порталы арқылы алуға болатындай еттік.

Бүгінде электронды түрде 580 қызмет қолжетімді. Ал 2019 жылдың өзінде ел тұрғындары 14,4 млн электронды қызметті өз бетінше алған. Бұл өткен жылмен салыстырған 4 млн-ға көп көрсеткіш.

Әлемде қызмет сапасын арттыру үшін электронды қызметтер насихатталуда. Қазақстан бұл ретте проактив қызметін дамытып жатыр. Азаматты өзі іздеп келетін қызмет туралы айтып өтсеңіз.

– Биыл корпорациямыз ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, проактивті түрде көрсетілетін екі қызметті іске қосты. Бұлар – «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне арналған жәрдемақыны тағайындау және зейнеткерлікке шығу қызметтері. 2017 жылдың желтоқсанында бала тууына қатысты бастау алған проактив қызметі өз жемісін берді.

Sms көмегімен баланың алғашқы құжатын жасатып, жәрдемақы рәсімдеп үлген аналар бұл қызметке жоғары бағасын берді. Осы күнге дейін осы тәсіл арқылы сәбидің 73 мың туу туралы куәлігі жасалған. Біз қазір осындай қызмет түрлерін көбейтуге басымдық беріп отырмыз. Ең бастысы – мұндай өзгерістер азаматтардың мемлекеттік органдарға деген тәуелдігін жойып, мемлекеттік қызмет көрсету үдерісінің тиімділігін арттырады.

Яғни, осы аталған 3 қызмет бойынша ХҚО-ға барудың қажеті жоқ қой?

– Иә, бұл қызметтерді үйден шықпай-ақ, қажетті құжаттарды жинамай-ақ, SMS-хабарлама арқылы алуға болады. Ал бұрын өздеріңіз білетіндей, осы қызметтер үшін фронт-офистерге баруға немесе электронды үкімет порталына жүгінуге тура келетін.

Халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мақсатында және мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету үшін миграциялық және цифрлық ХҚО-лар ашылған болатын. Олардың биылғы көрсеткіштері жөнінде айтып өтсеңіз?

– Жалпы миграциялық ХҚО-ның ерекшелігіне келер болсақ, онда 1 сағаттың ішінде медициналық тексерістен өтуге, ЖСН алуға, салық өтеуге, дактилоскопия тапсырып, медициналық сақтандыруды рәсімдеуге және басқа да қызметті алуға болады. Бүгінде мұндай ХҚО барлық облыс орталығында бар. Салыстырып айтар болсам, 2018 жылы миграциялық ХҚО көмегімен 26 мың қызмет көрсетілсе, 2019 жылы 246 мың қызмет ұсынылды.

Ал цифрлық ХҚО-ға келер болсақ, бүгінде еліміз бойынша 18 цифрлық орталық жұмыс істейді. Электронды қызмет дағдыларын үйрету бойынша 73,6 мың семинар өтіп, 1,3 млн сертификат берілді. Ал 2020 жылы 1,4 млн сертификат беру жоспарланған. Ел тұрғындарын онлайн процестерге көбірек қатыстыру мақсатында egov.kz порталын пайдалану бойынша курстар тек цифрлық орталықта емес, көшпелі акциялар аясында да оқытылды.

Бұл ретте смартфон арқылы қолжетімді бола түскен мемлекеттік қызметтер мен сервистерді айтпай кетпеске болмайды. Бүгінде азаматтар телеграмдағы egovkzbot2.0 мен фейсбук және вконтакте желілеріндегі чат-боттар арқылы керекті анықтамаларын ала алады.

Ал телефонға арналған egov mobile қосымшасы танымал қызметтерді жедел алуға көмектесті. Бүгінде бұл қосымшаны 200 мыңнан астам адам жүктеп үлгерді. Қазіргі уақытта халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі 78,5 пайызды көрсетіп отыр. Келер жылы ол 80 пайызға дейін жетуі тиіс. Біз атқарып отырған жұмыс осы көрсеткіштің өсуіне ықпал ететіні сөзсіз.

Келер жылға тағы қандай жоспарларыңыз бар? Ел тұрғындарын қандай жағымды жаңалықпен қуантасыздар?

– Жоспарға сәйкес, 2020 жылы 17 проактивті қызмет іске қосылып, композиттік қызмет саны 21-ге жетеді. Сонымен қатар келер жылы Алматы қаласында тағы бір цифрлық ХҚО ашылады. Мамандандырылған ХҚО бойынша да бірқатар өзгеріс күтіп тұр. АвтоХҚО-лар жанынан келесі жылы 28 автодром ашуды көздеп отырмыз, олардың қазіргі саны – 16.

Оған қоса, ҚР Ішкі министрлігімен бірлесіп egov mobile қосымшасына автоқызметтерді қоспақ ниеттеміз. Атап айтқанда, онда көлікті онлайн-тіркеу және көлік жүргізу куәлігін ауыстыру қызметтері қолжетімді болады деп жоспарлап отырмыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1830665-semgl-baltaseva-keler-zyly-17-proaktivti-kyzmet-iske-kosylady/