Жаңа 2020 жыл қарсаңында Кепілдендіру қоры жаңа өнімді іске қосты

Опубликовано:

Енді салушылар ғана емес, құрылысқа үлестік қатысушылар да Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорынан кепілдік ала алады. Бұл қандай өнім және үлескерлер қандай жағдайда кепілдікті пайдалана алады деген сұраққа ТҚКҚ Келісім-шарттар есебі және статистика департаментінің директоры Алима Сейтказиева жауап берді.

Жаңа 2020 жыл қарсаңында Кепілдендіру қоры жаңа өнімді іске қосты
Фото: Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорының баспасөз қызметі: Facebook

Аталған қордың басты қызметі салушы құрылыс нысанын өздігінен аяқтай алмаған жағдайда тұрғын үй құрылысын аяқтауға кепілдік ұсыну болып саналады. Яғни, Қор үлескерлерге кепілдігі бар нысан құрылысы міндетті түрде аяқталып, олар кепілді түрде өз баспанасын алатынына кепілдік береді. Құрылысты аяқтауға кепілдік алу кезінде салушылар тап болатын басты проблема - құрылыстың қаржыландырылу көзі ретіндегі үлестерді тез арада сату. Осы орайда Қор жаңа өнім жасау бойынша жұмыс жүргізді.

«Қор құрылысты аяқтауға кепілдігі бар нысанның үлесін алуға ниетті үлескердің несиесі бойынша кепілдік ұсынып отыр. Дайын баспанаға қарағанда, құрылысы енді басталған баспананың құны арзан болатыны белгілі. Біздің өнім, ең алдымен, тұрғындарды баспанамен қамтуға, сонымен бірге тұрғын үй құрылысын жандандыруға арналған», - деп атап өтті Алима Сейтқазиева.

Сондай-ақ, Қордың кепілдігі болған жағдайда қосымша кепіл қажет болмайды, тек баспананың құнының 20%-на тең бастапқы жарна болса болды. Осылайша, қолжетімдік қамтамасыз етіледі. Бастысы, үлескер пәтерді Қор кепілдендірген тұрғын үй кешенінен таңдап алса болғаны.

Жаңа 2020 жыл қарсаңында Кепілдендіру қоры жаңа өнімді іске қосты
Фото: Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорының баспасөз қызметі: Facebook
«Атап өту керек, Қордың үлескер несиесі бойынша ұсынып отырған кепілдігі нысан құрылысы мен оны пайдалануға беру мерзімі аралығына ғана жарамды. Нысан пайдалануға берілген уақыттан бастап, банкке ипотеканың қалған мерзіміне дайын баспана толықтай кепіл бола алады», - деп түсіндірді ТҚКҚ өкілі.

Тағы бір ескеретін жайт, жаңа өнімнің арқасында үлескер тиісті кірісі болса, 60 млн теңгеге дейін баспана алуға мүмкіндік алады.

«Бастапқы жарна 20% және несиенің максималды сомасы 50 млн теңге болған жағдайда үлескердің құны 60 млн теңге болатын үлесті алуға мүмкіндігі бар. Бұл тұста үлескер Қор мен банктің талаптарына сай болуы тиіс. Жаңа өнімге қатысты талаптарды үш банк игеруде, бір банк аталған өнімді қолдап отыр», - деп нақтылады Алима Сейтқазиева.

Бүгінгі күні екінші деңгейлі барлық банктер, құрылыс жүргізушілер мен үлескерлер өнімге үлкен қызығушылық танытып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1833433-zaa-2020-zyl-karsaynda-kepildendiru-kory-zaa-nimdi-iske-kosty/