Ақтөбеде мемлекеттік қорыққа заңсыз кірген топ ішінде прокурор мен судья бар болып шықты

Опубликовано:

Ақтөбеде құқық қорғау органдарының қызметкерлері жауапқа тартылып жатыр. Шенділер ерекше қорғалатын Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты аумағына рұқсатсыз кірен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи-зоологиялық қорығы. Фото: visitaktobe.kz
Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи-зоологиялық қорығы. Фото: visitaktobe.kz: Depositphotos

Қазір 2 АЕК-пен айыппұл төлеуге міндеттелген шенділер үстінен қызметтік тексеріс басталды. Әкімшілік жауапқа тартылғандар қатарында ауданның бас прокуроры мен судьясы бар.

"Ерекше қорғауға алынған табиғат аймағында Ырғыз ауданының прокуроры болғанын анықталды. Прокурор Айдос Сағындықов инспекция қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 380-бабы бойынша 2 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сағындықовтың өзінде балық болмаған. Осыған байланысты заңсыз балық аулау үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылық туралы мәселе қойылған жоқ. Қазіргі уақытта Сағындықовтың тәртіптік жауапкершілігі туралы мәселені шешу үшін, қызметтік тексеру жүргізілуде", - дейді облыс прокуратурасының көмекшісі Өркен Ещанов. 

Екі жылдан бері аудандық прокуратурада қызмет ететін Айдос Сағындықовтың құқық қорғау саласында он жыл еңбек өтілі бар.

Сонымен қатар, ақтөбедегі атышулы істерге төрағалық еткен Ерлан Бақытжан резерватқа рұқсатсыз кіргендер қатарында.

"Ақтөбе облыстық сотына орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясынан Ырғыз ауданы, Нұра ауылдық округінің "Ақман" мемлекеттік қорығының күзетілетін аумағына рұқсатсыз кірген адамдарды ұстау туралы хабарлама  келіп түсті, олардың ішінде Ырғыз аудандық сотының төрағасы Бақытжан Ерлан да көрсетілген. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде", - дейді облыстық соттың баспасөз қызметі Анар Айтжанова.

Арнайы рұқсат алмаған жеті адам резерватты жол талғамайтын​ екі автокөлікпен аралағаны белгілі болды.

"3 қаңтар күні ерекше қорғалатын табиғи аумаққа заңсыз кірген азаматтар ұсталды. Қазіргі уақытта жеті адамға қатысты әкімшілік іс қозғалып, тиісті шара қолданылды. Олардың арасында Ырғыз, Әйтеке би ауданының тұрғындары бар. Ерекше қорғалатын аумаққа кіру үшін Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватынан тиісті рұқсат қағаз алу керек", - дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Әнуарбек Бермағанбетов.

Айта кетейік, бұған дейін "Ақтөбеде" доп тепкен футболшының інісі Африканың үздік ойыншысы атанғанын хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1835171-aktbede-memlekettik-korykka-zasyz-kirgen-top-isinde-prokuror-men-suda-bar-bolyp-sykty/