Жамбыл облысында әкім лауазымын "сатып алғысы келген" шенеуніктің басы дауға қалды

Опубликовано:

Жамбыл облысы, Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Сүлейменовтің басы дауға қалды. Ол өзінің басшысының орнын иеленуге "50 мың доллар бермек" болған көрінеді. Бұл жағдай ұлттық бюро қызметкерлері шенеуніктің телефонмен сөздерін тыңдаған соң белгілі болған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Мейіржан Сүлейменов. Кадр КТК арнасы
Мейіржан Сүлейменов. Кадр КТК арнасы: Depositphotos

Мейіржан Сүлейменовтің өзі лауазымды сатып алу жайлы әңгімені жоққа шығарып отыр.

"Енді телефонмен кім не айтпайды? Сондай әңгіме болған шығар. Иә, Алматыға ауысамын деген жұмыстар болған. Бірақ ол жерде жолдастармен салмақты әңгіме болған емес. "Сатып аламын, осыншама ақша беремін" деген. Ойнап, достармен бір жерде айтқан шығармын", - дейді Меркі ауданы әкімінің орынбасары.

Телеарнаның мәліметінше, ойнаса да, ойындағысын айтса да, Мейіржан Сүлейменовтің ісі әдеп кеңесінде майшаммен қаралған. Шенеунік қылығына жауап бере алмай әбден сасқан.

Ал атқамінердің әкімнің орнын сұрағаны кездейсоқ анықталған. Яғни басқа бір іс бойынша күдік туғызған Сүлейменовті ұлттық бюро өкілдері бақылауға алыпты. Оның телефонын тыңдау барысында орынтақ саудасы жөніндегі әңгіме әшкере болған.

Ал оған қызмет әперуге уәде еткен өңірге танымал кәсіпкер болып шыққан. Оның тағдыры әзірге белгісіз.

Белгілісі, әдеп кеңесі Мейіржан Сүлейменовті қызметінен төмендету жөнінде ұсыныс берген. Дегенмен соңғы шешімді Меркі ауданы әкімінің өзі қабылдамақ.

Мейірхан Өмірбековтің орынбасарына қандай шара қолданатынын уақыт көрсетеді.

"Рустамбеков айтады, сенің мәселең шешіліп жатыр, солай-солай деп. Бұл кісі жауап береді. Сұрайды. Тағайындалған кезде 200 мың доллар болмай ма, үстеме сұрамай ма, азар болса 50 мың шығар бере алатыным, кейін оны қайдан шығарып аламын деген сияқты әңгімелер. Сондай бірнеше әңгіме. Шөленбаев Бақытқан деген кісімен. Нақты тағайындалу бойынша. Аудан әкіміне", - дейді Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Қайрат Дүнбаев.

Дереккөз КТК арнасы

Еске сала кетейік, бұған дейін тәртіп сақшысына мың теңге беремін деп басы бәлеге қалған тараздық тұрғын жайлы хабарлаған едік.

Жол ережесін бұзғанын ақшамен жауып кетпек болған ер адам ақыр соңында 252 мың теңге айыппұл арқалаған.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1837392-zambyl-oblysynda-kim-lauazymyn-satyp-algysy-kelgen-seneunikti-basy-dauga-kaldy/