Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жол апатынан соң екі құлағы естімей қалған келіншектің тағдыры елді жылатты

Опубликовано:

Қызылордалық Айман Махамбетова әлеуметтік желі қолданушыларына жақсы таныс. 33 жастағы келіншек осыдан бес жыл бұрын көлік апатына түсіп, есту қабілетінен айырылған. Ауыр жол апатынан жолдасы екеуі аман қалса да, бұл әлемнің даусын есту Айман үшін арман болып келеді. Өмірінің астаң-кестеңін шығарған сол күнге дейін Айман Серікбайқызы беделді банктердің бірінде қаржыгер болып жұмыс істейтін. Бүгінде ол халықтан көмек сұрауға мәжбүр. Ол бәрінен бұрын туған ұлының "мамалаған" даусын есту үшін аурумен күресіп жүр деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Фото: Instagram/aiman.makhambetova
Фото: Instagram/aiman.makhambetova: Instagram
"Туғалы бері Қызылорда қаласында тұрып келем. 2014 жылы тұрмыс құрып, 2015 жылы жолдасым Маратпен еңбек демалысында бой сергіту үшін Алматыға бет алғанбыз. Өмірімді 360 градусқа өзгерткен сол апат 29 тамыз күні болды. Мен апаттан соң есту қабілетімнен толық айырылдым. Негізі, құлағым сау, тек дауыс беруге жауапты нерв талшықтары ауыр зақымданған. Дәрігерлер 4-ші деңгейлі нейросенсорлы кереңдік диагнозын қойды. Осы қорқынышты диагнозбен күрескеніме де бес жыл болыпты.
Құлағы естімеген адамдар кейін тілден де айырылады. Мен барымды салып, жігерімді жанып, ең болмаса тілімді жоғалтпайын деген оймен бүгінге дейін сөйлеп келдім. Бірақ ауру өз дегенін істейді. Екі айдан бері мүлде сөйлей алмай, тас керең болып қалдым. Он айлық ұлымның іңгәлағанын, ата-анамның айналғанын есту маған арман боп барады", - дейді Айман.

Бес жылдан бері Айманның ата-анасы мен отбасы бірнеше рет кредит алып, оның еміне жұмсаған. Алайда, қаржының тапшылығынан ем соңына дейін жетпеді. Ал Қытай мен Оңтүстік Кореяда жасалатын ота үшін миллиондаған қаражат керек. Айман болса, шетел түгілі, Алматыдағы мықты мамандарға жете алмай отыр.

"Әрине, қаржы қол байлайды. Бірақ мен үшін жүгіріп жүрген ата-анам бауырларым мен жолдасымды кінәлай алмаймын. Олардың мен апатқа ұшырағанда алған несиелері енді аяқталады. Содан соң тағы да кредит алып, көлікті сатып мені емдеткілері келеді. Өзім де қарап отырмай, қолөнермен айналысқанмын. Мен үшін шырылдаған ата-анама көмектескім келді. Дегенмен, қазір қолөнерді де уақытша тоқтаттым. Біріншіден, көзіме күш түсіруге болмайды. Екіншіден, моншақпен жұмыс істеу балам үшін қауіпті.
Бірақ ауыр депрессияға ұшырап, тұңғиыққа батқан кездерімде дәл осы қолөнерім құтқарған еді. Оның үстіне, әке-шешемнің қиналғанын көру мен үшін дүниедегі ең ауыр нәрсе еді. Соларға көмектесіп, қолөнермен де біраз жан бақтым. Сөйлеу, жүрудің қиын соғатыны кездері болды. Сондай сәттерде уақыттың, мезгілдің қандай екенін де түсінбей қалатынмын. Қазіргі таңда тілім де кетіп қалды. Мықты дефектолог, логопедтерге барып тілімді қайтарғым келеді. Өйткені, мен ұлым үшін өмір сүруім керек", - дейді Айман.

Айман жастайынан өзі алға мақсат қойып, білім алып, жақсы қызмет атқарған. Бүгінде ол амалдың жоқтығынан халықтан көмек сұрап отыр. Өйткені, Айманның құлағы мен тілін емдейтін Израильде ота жасауға 50 мың АҚШ доллары қажет.

"Шетелдегі мықты деген клиникалардың онлайн қабылдауында болдым. Барлығына қомақты қаражат керек. Бүгінге дейін де ата-анам несие алып, миллиондаған қаражатты менің еміме жұмсады. Бірақ шетелде емделмейінше, жағдайым жақсармайтын сияқты. Менің естігім келеді. Баламның, ата-анамның, жолдасымның, бұл әлемнің даусын естігім келеді. Бүгінде еріннен оқуды үйрендім. Анам еріннен оқуды үйрету үшін алдымда сағаттап сөйлеп отырады. Іні-келіндерімді де отырғызып қояды", - дейді ол.

Айманның Байжан атты он айлық ұлы бар. Алладан тілеп алған ұлын өмірге әкелу үшін ол үлкен сынақтан өтті. Өйткені, құлақтан бөлек, жол апатынан соң алған инсульт үлкен қауіп төндірген еді. Қуанышқа қарай, ол кесарь тілігімен босанып, бала да, ана да аман қалды.

"Мен ұлымды бес жыл күттім. Дәрігерлер бала көтеруіме мүлде қарсы болды. Себебі, денсаулығым үшін аса қауіпті еді. Мен Алладан медет тілеп, бұл сынақтан шығуды сұрадым. Жүктілік кезінде де, босанған соң да балаға зияны тимеу үшін өзіме қажетті дәрілерді ішкен жоқпын. Соның салдарынан екі айдан бері сөйлеу қабілетімнен де айырылдым. Ұлымды өз күшіммен, табиғи жолмен босанамын деп, дәрігерлерге дес бермедім. Себебі, өзім босансам, құлағым ашылып кетеді деген сенім болған. Алайда, денсаулығым оған мұрша бермеді. Бірақ біздің жанымызды алып қалған Аллаға және дәрігерлерге алғысым шексіз", - дейді Айман.

Бүгінде Айманның бар арманы – ұлының "мамалаған" даусын есту.

"Ұлды болып, қуанышым қойныма сыймады. Дегенмен, мұның екінші жағы да бар. Үйге келген соң ұлымның іңгәлағанын ести алмай, тағы да депрессияға түстім. Менің өмірдегі ең ұлы арманым – ұлымның "мамалаған" даусын есту. Осы тілегім орындалса деп жылап шығатын түндерім қаншама?! Ата-анамның әжіміне қарап, өзім салған ауыртпалықтың көп екенін түсінемін. Бірақ бұл Алланың сынағы. Осы сынақтың артында мені шуақты күндер күтеді деп сенемін. 2016 жылы құлағымның еміс еміс естігені бар. Сондықтан, үмітімді үзбеймін. Ұлымның даусын естуге көмектесіңіздерші", - дейді Айман.

Айман Махамбетованың басындағы ауыр жағдайға бей-жай қарамайтын адамдарды қаржылай көмек көрсетуге шақырамыз. Kaspi Gold нөмірі 8 771 339 07 13 Айманның інісі Махамбетов Бахытжанның атына тіркелген.

Еске сала кетсек, осыған дейін үш комадана аман қалып, блогер атанған ана туралы жазған болатынбыз.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1841451-zol-apatynan-so-eki-klagy-estimej-kalgan-kelinsekti-tagdyry-eldi-zylatty/

pixel