Ақтөбеде аудан әкімі жұрт іздеген масканы тегін таратудың жолын тапты (фото)
Опубликовано:
Ел басына күн туған шақта пайда тауып таласқандар мен қайырымдылық жасап жарысқандар аз емес. Қазақстанда жарияланған төтенше жағдайдан кейін медициналық маскалар тапшылығы әр өңірде сезіліп жатыр. Осы орайда Ақтөбедегі мұнайлы ауданның әкімі кәсіпкерлермен келісіп, халыққа қажет болған дүниені тегін таратудың жолын тапты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Елімізде орын алған төтенше жағдайға орай ауданымызда маска жетіспеушілігін болдырмау мақсатында, аудан әкімдігі жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, жедел шаралар қабылдауда.
Дайындалған маскалармен бірінші кезекте халыққа қызмет көрсететін мекемелер қамтылады. Қазпошта, банк, аурухана мен дәріхана қызметкерлері және қызмет алушы тұрғындар қамтамасыз етіледі.
Әзірге 15-20 мың дана маскаларға тапсырыс берілді. Сұраныс артып жатқан жағдайда қосымша әзірленеді. Қазіргі уақытта Темір ауданындағы ахуал тұрақты. Дегенмен, сақтық шарасын әр азамат өзінен бастағаны жөн", - дейді Темір ауданының әкімдігі.

Маскалар Шұбарқұдық ауылындағы кәсіпкер Ләйлә Актуринаның тігін шеберханасында дайындалып жатыр. Ертеңнен бастап тарату жұмыстары жүргізіледі.

Тігіншілердің айтуынша, бір масканы дайындау үшін 10 минут уақыт кетеді. Маска барлық талапқа сай, ұзақ мерзімді қолданысқа арналған.

Бүгінгі күні Ақтөбедегі инфекциялық ауруханада алты тұрғын оқшауланған. Бәрі де шетелден келгендер. Олар 14 күнге оқшауланып, дәрігерлер бақылауында болады.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде дүкендер мен сауда орындарында маскасыз жүруге тыйым салынды.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1845706-aktbede-audan-kimi-zrt-izdegen-maskany-tegin-taratudy-zol-yn-tapty-foto/