Жамбыл облысында коронавирус жұқтырған дәрігердің жанайқайы бойынша тексеріс басталды
Жарияланған күні:
Жамбыл облысында коронавирус жұқтырған Меркі аудандық орталық ауруханасының дәрігері Толқынай Ордабаеваның әлеуметтік желілерде жарияланған шағымы бойынша қызметтік тексеріс басталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Жамбыл облысы әкімдігінің Facebook-тағы парақшасына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, дәрігер-инфекционист Толқынай Ордабаева 1,75 штаттық бірлікке (сағат 9-дан 18.00-ге дейін) сәйкес лауазымдық жалақымен жұмыс істеген. Оның ішінде-0,25 штаттық бірлік оның өз келісімі бойынша денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздығына қатысты әріптесінің уақытша міндетін атқарған.
"Ағымдағы жылдың 3 сәуірде Ордабаева дене қызуының жоғарылауына байланысты шағымданған. Одан зертханалық талдаулар (ПТР) алынып, қорытындысына сәйкес коронавирустық инфекцияны жұқтырғандығы расталған.
Эпидемиологиялық тексерулер жүргізіліп, жақын байланыста болған 5 адам анықталып, карантинге орналастырылған.
Ол инфекциялық стационардың екі орындық боксында осындай диагнозы бар басқа пациентпен бірге жатқызылған. Бұл санитарлық-эпидемиологиялық талаптарына қайшы келмейді. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен емдеу хаттамасына сәйкес Алувия препаратын қабылдаған.
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, зертханалық расталған диагнозы бар емделушілерде ПТР-ның қайталанған талдаулары тек шығар алдында ғана екі рет алынады. Емдеуге жатқызу кезде қайтадан талдау алу талап етілмейді.
Жақын байланыста болған адамдарда ауруханаға жатқызу кезінде ПТР (жағынды және қан) талдаулары алынады. Теріс нәтиже болған жағдайда қайталама талдау талап етілмейді. Қайта аттестаттау диагнозы расталған емделушілерде ғана жүргізіледі.
Бүгінгі күні аудандық аурухананың медицина қызметкерлері толық көлемде жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. 1000-нан астам медициналық бір реттік медицианалық бетперделер, көп рет қолданылатын маскалар – 1600, бір рет қолданылатын костюмдер – 1200 бірлік, дезинфекциялық құралдар-40 мың "Диахлора" таблеткасы, 15 литр антисептиктер бар. Ағымдағы жылы аурухана 3 миллион 468 мың теңгеге ЖҚҚ және дезинфекциялық құралдарды сатып алған.
Қосымша 6 миллион теңгеге сатып алулар жоспарлануда. Осы айда коронавирусты инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша іс-шараларға тартылған осы аудандық аурухананың 20 медицина қызметкері, соның ішінде дәрігер Ордабаевқа да сыйақы төлеу жоспарлануда. ⠀ Дәрігер Толқынай Ордабаеваның ауру фактісі жасырылмаған, ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау комитетіне берілді. Ол айтқан барлық фактілер қызметтік тергеу барысында тексерілетін болады.
Жалпы, коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шараларға облысқа республикалық бюджеттен 576 миллион теңге және жергілікті бюджеттен 281 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда 4,1 мың дана бір реттік костюмдер, 276 мың дана бір реттік бетперделер, 17,8 мың дана респираторлар, 4,8 мың литр дезинфекциялық құралдар мен антисептиктер және басқа да медициналық бұйымдар мен препараттар қоры бар", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, коронавирус жұқтырып алған инфекционист Толқынай Ордабаева бұған дейін әлеуметтік желіде өзі қызмет ететін ауруханада медицина қызметкерлерін маска тігуге мәжбүрлегенін, жұмыста ешқандай маска мен қорғаныш құралдары берілмейтінін, бұның барлығы иммунитеттің әлсіреуіне алып келгенін айтып, шағымданған болатын.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1849741-zambyl-oblysynda-koronavirus-zktyrgan-drigerdi-zanajkajy-bojynsa-tekseris-bastaldy/