Отандастарымыз көз жұмған ұлын Түркиядан елге әкеле алмай әлек болуда
Опубликовано:
Қатерлі ісікке шалдығып, Түркияда ем алу кезінде көз жұмған қазақстандық балақайдың ата-анасы жанайқайын жеткізді. Олар ұлының денесін елге алып келу үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатқанын айтады. Алайда елге қайтуға коронавирусқа байланысты шекара мен әуе рейстерінің жабық болуы кедергі болып отыр екен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

4 жасар Глеб Соловьевті ата-анасы Денсаулық сақтау министрлігінің берген квотасы бойынша ем алу мақсатымен Тараздан Түркияға апарған.
Олардың балалары апластикалық анемиямен ауырған. Сүйек кемігін ауыстыру қажет болған соң, ерлі-зайыпты ұлын Стамбулдағы ауруханаға жеткізген. Денсаулық сақтау министрлігі ота жасауға кеткен шығынды және ем алуға жұмсалған қаражаттың бір бөлігін өз мойнына алған.
Алайда ата-анасының айтуынша, наурыз айының басында, отадан кейін баланың денсаулығы күрт нашарлаған көрінеді. Өміріне қауіпті пост-трансплатациялық асқыну – ішектің ТҚҚР (трансплантаттың қожайынға қарсы реакциясы) байқалған. Басқаша айтсақ, ағза отаның көмегімен орнатылған сүйек кемігін қабылдамаған.
Түрік дәрігерлері баланы аман алып қалуға тырысқанымен, өкінішке қарай, Глеб көз жұмған.
Баласы көз жұмған соң, елге қайтуға ниетті отбасы оның денесін Қазақстанда жерлегенді жөн көріп отыр.
Бірақ өзге елден ұлдарының денесін алып келмек түгілі, өздері де қайта алмай отыр. Себебі коронавирус пандемиясына байлынсты шекара жабық, рейстер тоқтаған.
Ал еліміздің сыртқы істер министрлігі бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатқандарын жеткізді.
Сондай-ақ, Глебтің ата-анасының түрік ауруханасында өтелмеген 6000 доллар қарызы бар екені анықталды. Басында бұл сома бастапқыда 72 000 долларды құраған, алайда отандық денсаулық сақтау министрлігі келіссөз жүргізіп, нәтижесінде аурухана үлкен жеңілдік жасауға келіскен.
Қазір Глебтің ата-анасы қарызынан құтылу үшін қайырымды жандардан көмек сұрап, қаражат жинауға кіріскен. Егер отандастарымызға қол ұшын бергіңіз келсе, Instagram-да көмекке мұқтаж отбасының реквизиттері жазылған.
Айта кетейік, коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстандағы төтенше жағдай режимі 30 сәуірге дейін ұзартылды.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1850093-otandastarymyz-kz-zmgan-lyn-trkiadan-elge-kele-almaj-lek-boluda/