Меркі ауруханасындағы шу: Басшылар қызметінен кетті

Опубликовано:

Жамбыл облысында коронавирус жұқтырған дәрігер-инфекционистің шағымы бойынша ол қызмет ететін аурухана тексеріліп, нәтижесінде басшылар жұмысынан босатылды деп хабаралайды KAZ.NUR.KZ облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Комиссия мүшелері Меркі аудандық ауруханасында. Фото: Жамбыл облысының әкімдігі
Комиссия мүшелері Меркі аудандық ауруханасында. Фото: Жамбыл облысының әкімдігі: Depositphotos

Ведомствоның мәліметінше, сенбі, 11 сәуір күні Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Меркі аудандық ауруханасының медицина қызметкерлерімен және аудан тұрғындарымен кездескен.

Кездесу барысында медициналық мекеме қызметкерлерінің шағымдары бойынша жүргізілген тексерудің қорытындысы айтылған.

Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша құрылған арнайы комиссияның құрамына тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, прокуратура органдарының, облыс әкімі аппаратының қызметкерлері, қоғам және кәсіподақ ұйымдарының өкілдері кірді.

"Комиссия аудандық аурухана жұмысының, оның ішінде дәрігерлер Т.Ордабаева мен Қ.Төреқұлдың өтініштерінде көрсетілген фактілер бойынша тексеру шараларын жүргізді. Көптеген мәліметтер расталды. Ұжымда жағымсыз моральдық-психологиялық жағдай қалыптасқан десек, оған бірінші кезекте емдеу мекемесі басшылығының өз кәсіби міндеттеріне жауапсыз қарағандығы себеп болған", - деді Жылқыбаев.

Жол берілген бұзушылықтар үшін аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Д.Нүсіпбаев, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ж. Шойбекова және бас есепші З. Мұқаева қызметінен босатылған.

Ержан Жылқыбаев тексеру материалдары тиісті шаралар қабылдау және қарау үшін құқық қорғау органдарына тапсырылатынын атап өтті.

Сондай-ақ, ол жаңадан тағайындалған аурухананың бас дәрігері Райқұл Нұржановты таныстырып, оған орын алған бұзушылықтарды жою және ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды қалпына келтіру бойынша маңызды міндеттер жүктеді.

Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау мәселелері ерекше бақылауда екенін жеткізді. Алдағы уақытта да оларды қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, жұмыстағы қауіпсіздік шараларын нығайту және материалдық қолдау үшін барлық мүмкіндіктер жасалатынын тілге тиек етті.

Жылқыбаев дәрігерлер Толқынай Ордабаева мен Қаламқас Төреқұлдың қандай да бір заңсыз іс-әрекеттерден қорқуына негіз жоқ, олар облыс басшылығының тікелей бақылауында болады деп сендірді.

Сонымен қатар, облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасы басшысының және аудан әкімінің жеке жауапкершілігі туралы мәселені қарастырмақ.

Естеріңізге сала кетейік, коронавирус жұқтырып алған Жамбыл облысы, Меркі аудандық ауруханасының инфекционисті Толқынай Ордабаева бұған дейін әлеуметтік желіде өзі қызмет ететін ауруханада медицина қызметкерлерін маска тігуге мәжбүрлегенін, жұмыста ешқандай маска мен қорғаныш құралдары берілмейтінін және өзге де жайттарды айтып шағымданған болатын.

Кейін дәрігердің сөзін оның әріптесі Қаламқас Төреқұл да растап, желіде жанайқайын жеткізді.

Ал облыстық әкімдік Ордабаеваның әлеуметтік желіде жарияланған шағымы бойынша қызметтік тексеріс басталғанын хабардар еткен еді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1850234-merki-auruhanasyndagy-su-bassylar-kyzmetinen-ketti/