Талдықорғанға БАӘ-ден келген 135 қазақстандықты үйлеріне қайтарды
Опубликовано:
12 сәуір күні Талдықорған әуежайына бортында 135 қазақстандық бар ұшақ қонғаны белгілі болды. Олар БАӘ-де болған отандастарымыз болып шықты. Елге оралған жолаушыларды облыстық орталық пен Текелі қаласына орналастырған болатын. Күні бүгін Араб Әмірліктерінен ұшып келген қазақстандықтар үйлеріне қайтарылғаны анықталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Алматы облысы әкімдігің мәліметінше, борттағы жолаушыларды коронавируске тексеру үшін оқшаулаған. Оған қоса, олардың барлығы бірнеше күн бойы Араб әмірліктерінде карантинде болған.
Қазақстанға келген бойда олардан COVID-19 инфекциясын анықтау үшін тиісті анализдер алынған. Барлығының сынамасы теріс нәтиже көрсетіп, қорытындысы таза болып шықты.
Енді облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес осы азаматтарды тұрғылықты жерлеріне тегін жеткізіп салу жұмыстары ұйымдастырылуда.
Әкімдіктің хабарлауынша, Талдықорғанға Қостанай мен Павлодар облыстарынан (әрқайсынан он-он адамнан), ШҚО (8), Ақтөбе (6), Ақмола (5), Жамбыл (4), БҚО, Қызылорда мен Маңғыстау облыстарынан (әр өңірден екі адамнан), Түркістан мен Қарағнды облыстарының (бір-бірден) тұрғындары ұшып келгені белгілі болды. Сонымен қатар, елге оралғандар арасында тоғыз жолаушы Алматы облысынан екені анықталды.
Оған қоса, ұшақ бортында Алматыдан 31 адам, Нұр-Сұлтаннан 27, Шымкенттен 16 тұрғын және Байқоңырдан бір адам болды.
Алдын ала тиісті облыстар мен қалалардың жедел штабтарына азаматтар туралы ақпараттар беріліп, қабылдап алу мәселесі келісілді. Бүгін олар арнайы көліктермен өз өңірлеріне жеткізіледі.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1850758-taldykorganga-ba-den-kelgen-135-kazakstandykty-jlerine-kajtardy/