Біртанов Алматыдағы дәрігерлердің жаппай коронавирус жұқтыру дерегін тексеруді тапсырды (видео)

Опубликовано:

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов оңтүстік астананың орталық қалалық клиникалық ауруханасындағы коронавирус инфекциясының күшею дерегін зерттеуді тапсырды. Бұл маңызды істі ол тәжірибелі эпидемиолог, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрхан Садуақасовқа жүктеген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: Profimedia.cz
Фото: Profimedia.cz: Instagram

Елжан Біртанов Алматыда дәрігерлердің жаппай коронавирус жұқтыру мәселесі тексерілетінін өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

"Алматы орталық қалалық клиникалық ауруханасындағы коронавирус жұқтыру жағдайы орын алғаннан кейін, менің тапсыруыммен денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров пен тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрхан Садуақасов Алматы қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасы басшысымен бірге «Көктем» шипажайында карантинде жатқан дәрігерлермен кездесу өткізетін болады. Барлық сұрақтар мен күмәнді мәселелер заң аясында шешіледі деген сенімдемін.
Менің бұйрығыммен Алматыдағы медициналық мекемелердегі инфекцияның күшею дерегін зерттеуді тәжірибелі эпидемиолог, ТКҚСҚБК төрағасының орынбасары Нұрхан Сәдуақасовқа тапсырамын" , - деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда бір күнде жүзден аса медицина қызметкерінен коронавирус анықталған болатын.

Алматының бас санитарлық дәрігері Айзат Молдағасымова вирус жұқтырған алматылық ақ халаттылар жайлы пікір білдіріп, орын алған жағдайға медицина қызметкерлері өздері кінәлі деп айтты. Ол дәрігерлер қауіпсіздік шараларын сақтамағанын жеткізді.

Санитарлық дәрігердің сөздерінен кейін ашуға булыққан ақ халаттылар Молдағасымованың айтқанын жоққа шығарып, оны жалған мәлімдеме берді деп айыптады. Қазіргі таңда, "Көктем" санаториында жатқан медицина қызметкерлері шенеунік бұл әрекетімен өз беделін сақтап қалуды көздеп отыр деп есептейді.

Орталық қалалық клиникалық ауруханадағы гинекология бөлімінің жетекшісі Гаухар Әміреева қаланың бас санитарымен соттасатынын мәлімдеді.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада ол коронавирус сынамасы теріс нәтиже көрсетсе де, оны инфекциялық емханаға алып кетейін деп жатқанын жеткізді. Әміреева бұл іс-әрекеттер "дәрігерлердің аузын жабу" үшін жасалып жатқанын айтты.

Оған қоса, видеода медициналық мекеменің басшысы жұмыстан босатылғаны да айтылды.

"ҚазАқпарат" мәліметінше, орталық клиникалық аурухананың бас дәрігері Алмаз Джувашев расында қызметінен кеткен.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1850777-birtanov-almatydagy-drigerlerdi-zappaj-koronavirus-zktyru-deregin-tekserudi-tapsyrdy-video/