54 ақбөкен қаңқасы мен қару арқалаған Land Cruiser көлігі аударылып қалды (фото)
Опубликовано:
Қызылорда маңында заңсыз аң атқандар Toyota Land Cruiser LX автокөлігімен қашып келе жатып, арнаға аударылып түскен. Іздестіру кезінде көліктен бірталай ақбөкеннің қаңқасы мен қару табылды. Күдіктінің бірі қолға түсті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

11 сәуір күні полицияға қорықшы хабарласқан. Ол рейд кезінде мемлекеттік инспекторлар Досан ауылының маңында екі көлікті байқағанын айтты.
Көлік ішіндегілер Қызылордадағы блок бекетті айналып өтпек болған. Қызметкерлерді көріп, көлік жүргізушісі жасырынбақ болады.
Соңына түскен соң, зиянкестердің "Toyota Land Cruiser LX" маркалы автокөлігі арнаға аударылып түскен. Алайда күдіктілер екінші көлікке отырып, барлығы қашып кеткен.

Полицияға хабарлама келіп түскеннен кейін жедел іздестіру қызметкерлері оқиға орнына жетті. Олар аударылған көлікті тексеріп, тінтті.
Онда 54 ақбөкеннің қаңқасы мен жануарлардың кесілген 224 мүйізі табылды. МР-155 маркалы қару да сол көліктен табылды, сондай-ақ 23 патрон, бинокль мен пышақ та бар.
Біраз уақыт өткен соң, полиция күдіктінің бірін қолға түсірді. Ол Қызылода тұрғыны, жасы 34-те, ешқайда жұмыс істемейді. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында отыр.
Іс заңсыз аңшылық бабы бойынша тергеледі. Тәртіп сақшылары заңға қарсы әрекет еткендерді құрықтау үшін қажетті шаралардың барлығын жасап жатыр.
Одан өзге, үш апта бойы үйдің бетін көрмеген қызылордалық дәрігер жағдайы туралы айтқанын жазған болатынбыз.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1851087-54-akbken-kakasy-men-karu-arkalagan-land-cruiser-kligi-audarylyp-kaldy-foto/