RU

"ҚазМұнайГаз" 250-ге жуық қызметкерін жұмыстан шығармақ

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы орталық аппарат қызметкерлерінің 34 пайызын қысқартады. Енді 250-ге жуық мұнайшы жұмыссыз қалмақ деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Depositphotos

Бұл туралы ақпарат ұлттық компанияның сайтында тарады.

"Бизнес-процестер оңтайландырылады. Дағдарысқа байланысты өзектілігі жойылған жобалар мен шараларды жүзеге асыру жоспары қайта қаралуда. Орталық аппарат жұмысшыларының санын 729-дан 480-ге, яғни 34 пайызға қысқарту туралы шешім қабылданды", - делінген хабарламада.

Оларға бір реттік төлем немесе рекрутингтік агенттіктер қызметі ұсынылады. Компания есебінен саланың өзге бағытына оқыту мүмкіндігі де қарастырылғаны белгілі болды.

Компанияның жаңа құрылымы геология, барлау және өңдеу блоктарын біріктіріледі. Геология және барлау жөніндегі төраға орынбасары қызметі жойылған. Басқару деңгейлері қысқартылды, демек енді 22 басқарушы директор позициясы болмайды. Сонымен қатар департамент саны үш есеге қысқармақ.

"Біз көптеген функциядан бас тартамыз. Еншілес компаниялармен байланыс алгоритмін қайта қарастырамыз. Дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыруға ден қойылады", – деді басқарма төрағасы Әлік Айдарбаев.

Естеріңізге сала кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылғанын мәлімдеді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1853797-kazmnajgaz-250-ge-zuyk-kyzmetkerin-zmystan-sygarmak/