RU

Ақтөбе облысының бас санитар дәрігері коронавирусқа сенбейтіндерге аурухананы аралатуға дайын

Ақтөбеліктер COVID-19 инфекциясын жұқтырудан бір сәтте рекорд орнатты. Облыста бір тәулікте 61 адамнан коронавирус анықталған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Depositphotos

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтың мәілметінше, бүгінде өңірде коронавирус жұқтырғандар саны 126-ға жетіп отыр.

Олардың 11-і ауруынан айығып үйіне шығарылса, қазіргі уақытта 115 адам стационарда ем қабылдап жатыр. Екі науқастың жағдайы орташа ауыр, тағы бір пациенттің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.

"Анықталған науқастар тиісті ем-шараларын алып жатыр. Дәрі-дермек қоры жеткілікті. Экспресс тест жүргізу нәтижесінде анықталған 61 адамның басым көпшілігі өзінде ауру белгілері бар екенін білмеген. Сондықтан тұрғындардан негізсіз далаға шықпауды сұраймыз. Вирустың жұқпалы әрі қатерлі екенін түсінуіміз керек. Облыс бойынша коронавирус инфекциясымен күресуге жұмылдырылған ішкі істер қызметкерлері, режимдік нысан күзетшілері, медицина қызметкерлері арасында экспресс тестілеу жүргізіліп жатыр", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Тікелей эфирде тұрғындарды сақтыққа шақырған облыстың бас санитар дәрігері коронавирусқа сенбейтіндерді инфекциялық ауруханаға экскурсияға апаруға дайын екенін жеткізді.

"Қазір әлеуметтік желіде вирустың ойдан шығарылған инфекция екенін айтып жатқандар көп. Біз инфекционист маман ретінде індеттің ойдан шығарылмағандығын тағы ескертеміз. Коронавирус өте жұқпалы және адам денсаулығына өте қауіпті. Бұл дертпен әлем бойынша күресіп жатыр.
Тәулік бойы медицина қызметкерлері басын қатерге тігіп, тұрғындардың денсаулығы үшін тынбай күреседі. Вирустың бар екеніне сенбейтіндерге инфекциялық ауруханаға 14 күнге экскурсия ұйымдастыра аламыз. Медицина қызметкерлерінің адам денсаулығын сақтап қалу үшін жүргізіп жатқан емдерін, науқастардың өмір үшін қалай күресіп жатқанын көзімен көре алады", - дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Айта кетейік, соңғы аптада Ақтөбе облысында экспресс тестілеу белсенді жүргізілуде. Ол үшін 24 мың экспресс тест сатып алынған. Бүгінде 5260 адам экспресс тестілеуден өткен. Қазіргі таңда барлық пациент жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып, эпидемиологиялық зерттеу жүргізілуде.

Еске сала кетейік, соңғы мәліметтерге сәйкес, елімізде COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 3356-ға жетіп отыр.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1853879-aktbe-oblysyny-bas-sanitar-drigeri-koronaviruska-senbejtinderge-auruhanany-aralatuga-dajyn/