RU

Тоқаев Дариға Назарбаеваға алғыс айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өкілеттігі тоқтаған сенаттың бұрынғы депутаты Дариға Назарбаеваға алғыс айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дариға Назарбаева. Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дариға Назарбаева. Фото: Ақорда: Depositphotos
"Д.Н.Назарбаеваға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы ретінде атқарған белсенді және жемісті жұмысы үшін ризашылығымды білдіремін", - деп жазады президент Twitter парақшасында.

Еске сала кетейік, бұған дейін сенат депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеттігі тоқтатылғанын хабарлаған едік.

Айта кетейік, Дариға Назарбаева 2016 жылы 13 қыркүйектен парламент сенатының депутаты, ал 2019 жылы 20 наурыздан бастап төрағасы болды.

Ал өткен жылы қыркүйекте парламент сенатының төрағасы болып қайта сайланды.

Сенат отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл лауазымға Дариға Назарбаеваның кандидатурасын өзі ұсынған болатын. Жасырын дауыс беру нәтижесінде жоғарғы палатаның жиынына қатысқан 48 депутаттың барлығы Дариға Назарбаеваны қолдап, дауыс берген еді.

Сенат депутаты болғанға дейін Дариға Назарбаева әр жылдары "Қазақстан теледидары мен радиосы" республикалық корпорациясының вице-президенті, "Хабар" агенттігінің директоры, бас директоры, президенті, директорлар кеңесінің төрағасы, "Бөбек" балалар қайырымдылық қорының вице-президенті, Тұңғыш президент қорының директоры қызметтерін атқарған.

Сондай-ақ, парламент мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, мәжіліс төрағасының орынбасары, "Нұр Отан" фракциясының жетекшісі, премьер-министрдің орынбасары болған.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1854041-tokaev-kilettigi-toktagan-dariga-nazarbaevaga-algys-ajtty/