RU

Мақтааралдағы су тасқыны: Қазақстан Өзбекстанға наразылық нотасын жолдамақ

Қазақстан бұзылған су қоймасына байланысты Өзбекстанға наразылық нотасын дайындап жатыр деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Atameken Business телеарнасына сілтеме жасап.

Фото: ҚР ІІМ ТЖК
Фото: ҚР ІІМ ТЖК: UGC

Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Сергей Громов мәлімдеді.

Оның сөзінше, өзбекстандық тарап алып бөгеттің құрылысын қазақстандық тараппен ақылдаспастан бастап кеткен.

Ал трансшекаралық нысандардың барлығы халықаралық ережеге сай, іргелес жатқан елмен келіссөз жүргізу негізінде салынуы керек.

Осылайша Өзбекстан тарапы Біріккен ұлттар ұйымының конвенциясын өрескел бұзған көрінеді.

Телеарна мәліметінше екі елдің 276 мың шаршы шақырым аумағын су басқан. Оның 80 мың шаршы шақырымға жуығы Қазақстанға тиесілі.

Еске сала кетсек, бірінші мамыр күні Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы екі ауылды су басты.

Орын алған оқиғаға байланысты Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан Түркістан облысында 22 мыңнан астам эвакуацияланғанын хабарлады.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1854429-maktaaraldagy-su-taskyny-kazakstan-zbekstanga-narazylyk-notasyn-dajyndauda/