RU

4 миллионнан аса адам COVID-19 жұқтырды: Әлемдегі қазіргі ахуал қалай

Қазіргі уақытта әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 4 млн 250 мыңнан асты. Бүкіл мерзім ішінде қауіпті вирустан 287 мың адам қайтыс болып, 1 млн 5 мыңнан астам адам ауруынан айыққан деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы "NewTimes.kz"-ке сілтеме жасап.

Коронавирус: Әлемдегі жағдай
Көрнекі фото: pixabay.com: UGC

Статистикаға сүйенсек, АҚШ ауру жұқтырғандар мен індеттен көз жұмғандар саны бойынша көшбасшы болып қала бермек.

Қазіргі уақытта елде 1 миллион 385 мыңнан астам адам тіркелген. АҚШ-тың 81 мыңнан астам азаматы қайтыс болды. Тәулік ішінде 20 мыңға жуық тұрғын коронавирус жұқтырған.

Испанияда ауру жұқтырғандар саны 268 мыңға жетті, 26 мыңнан астам адам коронавирустан қайтыс болды.

Ресей Италияны басып озып, вирус жұқтырғандар саны бойынша үшінші орынға көтерілді. Ресейде COVID-19 жұқтырғандар саны 221 344 адамға дейін өсті.

Ұлыбританияда 223 мыңнан астам адам COVID-19 жұқтырған. Айтпақшы, бұл елде қайтыс болғандардың саны Италия мен Испанияға қарағанда көбірек. Ұлыбританияда қайтыс болғандардың жалпы саны 32 мың адамға жетті.

Ал Италияда 219 мың адам жұқтырып, сонымен қатар 30 мың адам қайтыс болыпты.

Еске сала кетсек, Қазақстанда өткен тәулікте аса қауіпті коронавирус инфекциясынан жазылып шыққандардың саны айтарлықтай арта түсті.

Кеше COVID-19 вирусын жұқтырып алған адамдармен салыстырғанда індетті жеңіп шыққан азаматтар анағұрлым көп болып шықты.

Соңғы мәліметтер бойынша, елімізде тағы 47 адам коронавирус індетін жұқтырды. Осылайша, ел бойынша науқастар саны 5207-ге жеткенін жазған едік.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1855310-4-millionnan-asa-adam-covid-19-zktyrdy-lemdegi-kazirgi-ahual-kalaj/