RU

Алматы әуежайындағы жаңа терминал құрылысына 200 млн доллар қаржы бөлінеді

Алматы әуежайында жаңа терминал құрылысына 200 млн доллар бөлінеді. Жоспарланған екі жылда жаңа терминал мен ұшу-қону жолақтары, сондай-ақ, паркинг салынады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Алматы әуежайында жаңа терминал құрылысына 200 млн доллар қаржы бөлінеді
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

Бұл жайында алматылық әуе айлағының жаңа иесі Tav Airports Holding компаниясының бас директоры орынбасары Серкан Каптан ATAMEKEN BUSINESS арнасына айтып берді. Каптанның сөзінше, бүгінде халықаралық рейстер үшін жаңа терминал салып, әуежайды үлкейту жоспарланып отыр.

2022 жылы аяқталатын құрылысқа 200 млн доллар бөлінеді.

Сондай-ақ, Серкан Каптан қазір бағалар мониторингі жүргізіліп жатқанын, бірақ оларды көтеру жоспарда жоқ екенін баса айтты. Оның сөзінше, жергілікті қызметкерлер жұмыс істеуді жалғастырады және жаңа жұмыс орындары мен кеңселер құрылады. Түркиядан бақылау жүргізіп, жаңа стандарттар енгізу үшін тек 10 адам келеді.

Сонымен қатар, мемлекет басшыларына арналған жаңа ұшу-қону жолақтары салынады. Әуежай еуропалық стандарттарға сай жұмыс істейді деп күтілуде. Түрік тарапы жасалған салымдарды 10-15 жыл ішінде, орташа есеппен жылына 30 миллионға дейін өтей алады деп есептеп отыр. Ал жаңа иегердің қандай табыс алары белгісіз: Каптанның сөзінше, коронавирус пандемиясы айтарлықтай шығын әкелген.

Түрік компаниясының иелігінде Грузия, Тунис, Македония және Сауд Арабиясы, Латвия және Түркия сынды әлемнің жеті елінде 13 әуежай бар. Компания 23 жыл бойы қызмет етіп келеді. Өткен жылдың өзінде Tav Airports Holding 600 мың рейс жасап, 90 млн жолаушы тасымалдаған.

Әуе әкімшілігі жаңа басшы Қазақстанның әуе кеңістігін пайдалануды реттейтін заңнамасында көрсетілген нақты талаптарды сақтауға тиіс екенін еске салды. Олай болмаған жағдайда әуежайдың пайдалануға жарамдылық сертификаты алынуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, Түркияның TAV Airports Holding компаниясы Алматы әуежайының жүз пайыз акциясын 415 миллион долларға сатып алды.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1855368-almaty-uezajyndagy-zaa-terminal-krylysyna-200-mln-dollar-karzy-blinedi/