RU

Қостанайда күзет қызметкері шашынан сүйреген ару ер азамат болып шықты (видео)

Қостанайда ерекше жағдай орын алды. Куәгерлер оқиғаны камераға түсіріп алған, кейін видео әлеуметтік желілерде пайда болды. Кадрда күзетшілер "қыздың" шашынан сүйреп, көлікке итеріп кіргізгені анық байқалады. Бұл жайтқа қатысты Қостанай облысының полиция дептарменті пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қостанайда күзетшілер "қызды" шашынан сүйреген, сөйтсе ол жігіт болып шықты (видео)
Оқиға орны. Видеодағы кадр: UGC

Әлеуметтік желіде жарияланған видеодан күзет формасын киген ер адамның бірі "қызды" шашынан ұстап, көлікке қарай сүйрелеп бара жатқанын көруге болады. Қызыл жейдедегі екінші адам көліктің есігін ашуға көмектеседі.

"Жігіттер, не істеп жатырсыңдар? Қарашы, оны ұрып жатыр!", – деп айқайлаған куәгерлердің сөзіне күзетшілер еш назар аудармайды.

Содан кейін "қыздың" қарсыласқанына қарамастан, екеуі оны салонға итеріп кіргізеді. Өздері де көлікке отырып, оқиға орнынан кетіп қалады.

Бұл оқиғаға қатытсы аймақтық полиция департаменті пікір білдірді.

Ведомствоның хабарлауынша, 13 мамыр күні түстен кейінгі уақытта күзет қызметіне Абай-Быковский қиылысында орналасқан жанармай бекетіндегі "дабыл түймесінен" сигнал келіп түседі.

Олардың мәліметінше, бір бойжеткен жанармай құю бекетінің терезесіне тас лақтырып, сонымен қатар сол маңда асфальт төсеп жатқан жұмысшыларды күрекпен қуған көрінеді.

Оқиға орнына "Арыстан" жедел әрекет ету тобының қызметкерлері келіп жеткен.

"Қызды ұстауға әрекет жасаған кезде, ол бір күзетшінің бетін тырнап, екіншісінің құлағына зақым келтірген", – дейді полиция департаментінде.

"Бойжеткенді" полиция бөлімшесіне алып кеткен. Сонда ғана оның 32 жастағы жігіт екені белгілі болған. Ол Қостанайға Нұр-Сұлтан қаласынан келген көрінеді.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жеке күзет компанияларының өкілеттіктерін асыра пайдалану туралы қылмыстық бап бойынша тергеу ісін бастап кетті.

Сондай-ақ, алдағы күндері материал жинағаннан кейін, жас жігіттің іс-әрекетіне де баға берілмек.

Күзет ұйымының екі қызметкері мен бір жол жөндеу қызметкері оларды ұрғаны туралы құқық қорғау органдарына арыз жазған.

Редакциямызға келіп түскен тағы бір видеода оқиғаның куәгерінің бірі мән-жайды баяндайды.

"Ол жерге барғанымызда жұмысшыны күрекпен қуып жүрген бір азаматшаны көрдік. Не болғанын сұрап едік, олар өздері түк түсінбегенін айтты. Күрекпен жүгіріп келіп, қуып, балағаттап жүргенін жеткізді.
Содан кейін ол бұрылып, алдыңғы әйнекті күрекпен ұрды, алайда күрек тіреуге тиді. Қолынан күрегін тартып алдық. Ол болса, тырнап, тістелеп, қиылыстың басқа жағына қарай қашып кетті. Сонда барып, ұстап, полицияға апарып, арыз жаздық", – дейді күзетшілердің бірі.

Еске сала кетсек, бұған Қызыл кітапқа енген екі киікті көлігімен қағып өлтірген қостанайлық азаматтың екі жылға бас бостандығынан айырылғанын жазған едік.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1855772-kostanajda-kzet-kyzmetkeri-sasynan-sjregen-kyz-er-azamat-bolyp-sykty-video/