RU

"18 мамырда мешіттер ашылады": Бас мүфти маңызды мәлімдеме жасады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 18 мамырдан бастап мешітке келетін жамағатқа үндеу жолдады деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.

Видеодан кадр/Хабар 24
Видеодан кадр/Хабар 24: Facebook

Бұл туралы бас мүфти Хабар 24 арнасындағы онлайн брифинг барысында айтты.

Ол 18 мамырда жеке құлшылық жасап, құран оқытып, неке қидыруға ниет білдірген азаматтар үшін мешіттер ашылатынын мәлімдеді.

"Бұл еліміздегі барлық мешіттің есігі ашылады деген сөз емес. Себебі әр облыстағы карантин жағдайы әртүрлі. Бас санитарлық дәрігердің карантин режимін кезеңдік талаптарын сақтау бойынша қаулысын ұстанудамыз. Сондай-ақ, өңірлердегі коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың қаулысына сәйкес жұмыс жүргіземіз", - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Ол мешітке келетін адамдарға масқа кию мен қолғап тағу және антисептиктік құралдарды жиі қолдану міндетті екенін білдірді.

Одан бөлек, жеке құлшылық жасау кезінде бір жарым метр ара қашықтықты сақтау, Құран оқитын бөлмеде бір жарым метр қашықтықты сақтап отырып, он адамнан артық кірмеу, неке қидыратын бөлмеге төрт адамнан артық кірмеу; мешіт имамдарының кеңесіне құлақ асып, мешітке лек-легімен, кезекпен кіру, мешітке 15 минуттан артық болмау талаптары айтылды.

Cонымен қатар бас мүфти карантин кезіндегі құлшылық орнының жұмыс уақытысына тоқталып өтті.

"Мешіттеріміз ашылғанымен, күндіз таңғы сағат жетіден кешкі сағат сегізге дейін ашық болады. Елімізде төтенше жағдай режимі аяқталғанымен жұқпалы індеттің қаупі толық сейілген жоқ", - деді ол.

Наурызбай қажы Тағанұлы "Қадір түнін мешітте қарсы алуға бола ма" деген оқырмандардың сауалына жауап қайыруды ұмытқан жоқ

"Осы ретте биыл Қадыр түніне мамыр айының 19-нан 20-на қараған түнге сәйкес келеді. Бұл түнді үйде қарсы алу керектігін баса айтқым келеді", - деді бас мүфти.

Айта кетейік, бұған дейін ҚМДБ-ның пәтуа бөлімі оразаны бұзатын және бұзбайтын жағдайлар туралы айтқан еді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1856004-18-mamyrda-mesitter-asylady-bas-mfti-mayzdy-mlimdeme-zasady/