RU

Алматыда қоғамдық көліктердің жұмыс уақыты ұзартылды

Оңтүстік астанадағы қоғамдық көліктердің жұмыс уақыты қайта ұзартылатын болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы КТК арнасы сілтеме жасап.

Алматыда қоғамдық көліктердің жұмыс уақыты ұзартылды
Фото: NUR.KZ: Depositphotos

Бүгіннен, яғни 21 мамырдан бастап метро, автобус және троллейбустар сағат 21.00-ге дейін жүреді.

Алматы қалалық мобильділік басқармасының бөлім басшысы қоғамдық көлікте санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуы қажет екенін ескертті.

"Жолаушылардан қоғамдық көліктің қызметімен пайдаланған кезде санитарлық нормаларды сақтануды сұраймыз. Бетперде, әлеуметтік арақашықтық сақталуы тиіс. Біз таңертеңгі, кешкі кездерде автобус санын көбейтеміз", – дейді Алматы қалалық мобильділік басқармасының бөлім басшысы Әсет Төлеуішов.

Қауіпсіздік үшін жолаушы саны автобустағы орындық санынан аспағаны абзал. Автопарктер қоғамдық көлікте бос орын болмаса, келесісін күтуге кеңес беріп отыр. Күту уақытын қысқарту үшін автобус пен троллейбустардың 90 пайызы жұмысқа шығарылған.

Қауіпсіздік шараларының сақталуына жолаушылардың өзі жауапты. Санитарлық дәрігерлер мен полицейлер қоғамдық көліктерді жиі тексеретін болады.

Айта кетейік, бұған дейін мегаполистегі метро, автобус және троллейбустардың жүру уақыты 19.00-ге дейін қысқарған еді. Ал қала маңы маршруттарының жұмысын жандандыру әзірге жоспарда жоқ.

Еске сала кетсек, бұған дейін полиция Алматыға кіреберістегі блок-бекеттердің не себепті күшейтілгенін түсіндірген еді.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1856755-almatyda-kogamdyk-klikterdi-zmys-uakyty-zartyldy/