RU

"Ұялудың қажеті жоқ": Аймағамбетов мектеп бітірген соң бірден ЖОО-ға түсе алмағанын айтты

Білім және ғылым министрі оқушылар мен ата-аналарды, ұстаздарды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, мектеп бітірушілеріне, колледж бен университет түлектеріне сәт сапар тіледі деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Фото: primeminister.kz
Фото: primeminister.kz: UGC

Министр өз үндеуін Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жария етті.

"Барлығымыз үшін биылғы 25 мамыр ерекше форматта өтіп жатыр. Әлемдік пандемия күнделікті өмірімізді түбегейлі өзгертті. Бұл жылғы оқу жылы 4 миллионнан астам оқушы мен студенттің есінде қашықтан оқыту форматына көшумен сақталады деп ойлаймын. Қысқа уақыттың ішінде барлығыңыз жұмысты дұрыс ұйымдастыра білдіңіздер. Бұл мұғалімдердің, ата-аналардың, оқушылардың бірлескен әрекетінің нәтижесі деп білемін.

Бүгін мен әрқайсыңызға жеке тоқталғым келеді. Сіздер жаңа жағдайда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, нағыз ерлік таныттыңыздар. Ұстаздарға деген алғысымды бір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сіздер қиын жағдайға қарамастан оқушыларды білім нәрімен сусындатып, оқу барысында тынымсыз еңбек еттіңіздер. Сіздердің арқаларыңызды төртінші тоқсан толықтай қашықтан оқыту форматында өтті", - деді Аймағамбетов.

Оның сөзінше, бұл білім саласында бұрын-соңды болмаған оқиға.

"Қиын уақытта балаларына тіреу бола білген ата-аналардың да еңбегі өлшеусіз. Сіздердің қолдауларыңыз, үйде отырып білім алуға жағдай жасауларыңыз қашықтан оқытуды ұйымдастыруға бізге мүмкіндік берді. Иә, әрине сын көп айтылды. Дегенмен, сіздер түсіністік танытып, балаларымыздың болашағы үшін осы мәселені жеңіл қабылдадыңыздар.

Сол үшін сіздерге алғыс айтамын. Оқушыларға деген ризашылығым шексіз. Олар жауапкершілікті ата-аналарымен теңдей бөлісіп, тәртіпті және алғыр бола білді. Енді міне, білімге деген құштарлықты жоғалтпай оқу жылын ойдағыдай аяқтап жатыр. Бұл шын мәнінде ересек адамдарға тән қасиет деп айтқым келеді", - деді министр.

Сонымен қатар, Аймағамбетов 2020 жылдың түлектеріне жеке тоқталғысы келетінін мәлім етті.

"Құрметті, мектеп бітірушілер, колледж бен университет түлектері! Әркім болашағының жарқын болғанын армандайды. Сіздер мықты ғалым, табысты кәсіпкер ғана емес, адамгершілігі мол жақсы адам, билік тұлға болатындықтарыңызға сенімдімін. Тәуекелге бару арқылы ғана әркім өзі армандаған мамандықтың иесі бола алады. Ең бастысы мүмкіндіктерді пайдалана білу керек. Еш қорықпаңыздар. Алған беттен қайтпау өте маңызды екенін өз басым білемін. Нақты қадам жасап, ойыңыздағыны іске асыру керек", - деді ол.

Министрдің сөзінше, ол мектеп бітіргеннен кейін бірден университетке түсе алмаған.

"Одан ұялудың еш қажеті жоқ. Менің алдымда екі таңдау болды. Біріншісі - ақылы түрде оқу, екіншісі - 1 жыл дайындалып, кейін ҰБТ-ға қайта тапсыру. Сол кезде 1 жыл дайындалып, тесті қайта тапсырамын деп шешім қабылдадым. 1 жыл уақытымды табанды дайындық пен жұмысқа арнап, нәтижесінде келесі жылы армандаған грантқа қол жеткізген болатынмын", - деді ол.

Аймағамбетов сондықтан мектеп бітірушілерді Ұлттық бірыңғай тестілеуден қорықпауға шақырды.

"Жақында басым көпшілігіңіз ҰБТ тапсырасыздар. Одан қорқудың ешқандай қажеті жоқ деп сіздерге айтқым келеді. Бұл - тек қана жай сынақ. Оның үстіне бұл өмірлеріңіздегі ең жеңіл емтиханның бірі болады", - деді министр.

Министр "айналадағы адамдар қолыңнан ештеңе келмейді" десе де табандылық пен сабырлық, күнделікті қажырлы еңбек пен алға қойған мақсаттарыңыз белгілі бір нәтиже әкелетіндігін естен шығармау керектігін атап өтті.

"Нәтиже әрине, өз бетімен келмейді. Ол қателікпен қатар жүреді. Кішкентай кезімізден бізді "қателік жасау дұрыс емес, кешірімсіз" деп сендірген. Мектеп қабырғасынан бастап қателік жасамау біздің санамызға құйып келді. Табысты адам ешқашан қателеспейді деген қате ұғым екенін айтқым келеді. Алайда, бәрі қателік жасайды. Бастысы - одан сабақ алып, тәжірибе жинақтау. Қателік жасап, бәрін қайта бастаудан қорықпау қажет", - деді министр.

Еске сала кетсек, бұған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқу жылын шілдеге дейін ұзартудың неліктен мүмкін емес екенін түсіндірген болатын.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1857315-aludy-kazeti-zok-ajmagambetov-mektep-bitirgen-so-birden-zoo-ga-tse-almaganyn-ajtty/