RU

Президент қызмет барысында көз жұмған екі полицейді марапаттады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Алматыдағы блок-постта болған апат кезінде көз жұмған екі полиция қызметкері мемлекеттік наградалармен марапатталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фото: Ақорда, polisia.kz
Фото: Ақорда, polisia.kz: Instagram

Ел президенті жарлығының толық мәтіні төменде:

ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, құқық тәртібін қамтамасыз етуге белсене қатысқаны үшін наградталсын:

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен

Жанғазиев Жарас Сұлтанғалиұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігі Алматы қаласының Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы;

ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен

Абдықанов Дастан Маратжанұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігі Алматы қаласының Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің полицейі.

2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Еске сала кетейік, екі полиция қызметкерінің өмірін жалмаған жол апаты 25 мамырда таңғы сағат 5.30-да Көксай ауылындағы блок-бекетте болған.

BMW көлігінің жүргізушісі, 1992 жылы туған ер адам әуелі бетон қоршауға соғылып, содан кейін полиция қызметкерлерінің көлігіне соқтығысқан. Көлік ішінде қос бірдей полиция қызметкері отырған.

Алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында полиция аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев қайтыс болса, оның әріптесі полиция сержанты Дастан Әбдіқанов ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, сол жерде есін жимастан көз жұмған.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ведомство күдіктінің мас күйде болуы мүмкін екенін атап өтті. Ол қамауға алынған.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1857467-tokaev-blok-bekettegi-zol-apatynan-kz-zmgan-eki-policiany-marapattady/