Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қорықпайтын": Белгілі спорт коментаторы Бейсен Құранбектің ел білмейтін қырларын айтты

Опубликовано:

Белгілі спорт коментаторы Амангелді Сейітханов 18 мамыр күні көз жұмған тележүргізуші Бейсен Құранбектің ел білмейтін қырларын айтып берді. Ол марқұм әріптесінің бозбала шағына саяхат жасап, қалай танысқанын әңгімеге арқау етіп, "Жетісу" телеарнасы директоры туралы естеліктермен бөлісті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Фото: Facebook/Амангелді Сейітхан, Бейсен Құранбек
Фото: Facebook/Амангелді Сейітхан, Бейсен Құранбек: Instagram

Спорт журналисті марқұм досы туралы естелік жазу қиынға түскенін жасырмады.

"Бейсенжан туралы жазу ауыр соқты. Жазбасқа тағы болмады... Соңымнан ерген інім ғой. Соны соқпақ тауып еді.. Алланың жазуына амал бар ма..." - деді Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Амангелді Сейітханның "Бозбала Бейсен" атты мақаласы Жас Алаш газетінде жарық көрді.

"Ол қандай еді? Өз тұстастарынан несімен ерекшеленді? Нені көздеді, не нәрсеге құштар болды? Біз оның бала кезін білмеуіміз мүмкін. Жігіттік шағы жұртқа мәлім. Айтқымыз келгені –  бала мұрты тебіндеген кезі еді.

 Бозбала Бейсен дедік пе... Боздап қаламыз деп кім ойлаған? Алланың жазуы солай.  Құнсыз берді, сұраусыз алды. Көнуімізге тура келеді. Бәріміз де сабырға келеміз. Өйткені Жаратушы талабы сондай. Ақырғы рет сөйлескенім еске түсе береді. Соңғы көргенімде өзі де мәңгіге бет алғанын ептеп сездірді", - деп бастады ол естелігін.

Спорт коментаторы Бейсен Құранбектің жары Гүлмира қоңырау шалып, марқұмның өзін іздегенін есіне түсірді.

"Сағынған ініден айналасың ғой. Дереу жиналдық та, іздеп бардық. Көргенде көңіл көншіді. Көз жанары жақсы екен. Күліп қарсы алды. Мұңның ізі де жоқ.  Емделу кезінде дем беру дұрыс. Сөз арасында әлі-ақ оңалып кететінін айтып, сендіруге тырыстық. Ақылды ғой, басын изеп күлді. Күлді де, күрсінді. Күрсінгенін жасырды бізден. Артынша арқаланып, сөйлеп кетті.

Бейсен күлді. Күліп еді, жүзі жадырап сала берді. Жазылып кеткен секілді. "Осы беті оңалып, тұрып кетсе" дедік. Күліп жатқан адамның бәрімізді күңірентіп кетуге құқы жоқ қой. Өзі де ұмтылды. Жүріп кетуге оқталды. Қарсы алдында отырмыз. Теңселіп кетсе ұстап қалуды ойлап. Өмірі қамшы салдырмаған,  демеуді керек етпеген інім қазір де өзі қимылдайтынын қапысыз ұғып тұрдым.

Сол жолы ұзақ сөйлестік. Дәрігер екі келді. Көп мазаламауымызды қалағаны болар. Оған да мән берген жоқпыз. Баяғы шақтан бүгінгі кезге шолу жасап, өмірді әңгіме еттік. Көңілді отырды. Болашақты да бірге кездік. Дәл сол сәтте оның оңалып кететініне оңай сендік. Өйткені өзгелердің омалып қалмауына өзі себеп болып еді ғой. Сөзімен жігерлендіріп,  қиыннан жол тауып беріп,  талайлардың аурудан айығып кетуіне күш салған.

 Бейсенжанның мына отырысында да мін жоқ. Жанары тік, көзі өткір. Ауыр дерт еңсесін баса алмаған. Қайта қанатын қомдап, енді ұшуға бет алған қыран келбетінде. Жұмсап жіберсем, талай тауды қопарып келетіндей. Сыр да шертілді. Әзіл де айтылды. Пікірталас та болып кетті-ау деймін. Бұл біздің, анығында, қош айтысуымыз еді. Көзден жас аға күлсек те, көкіректе бір мұң қалықтады", - деп күрсінді ол.

Амангелді Сейітханның сөзінше, марқұм інісін осы уақытта соңғы рет көрген екен.

"Кетер-кеткенше хат жазып, амандық біліп тұрдық. Үзілер шағына дейін үмітіміз үзілген жоқ. Көрпесін лақтырып тастап, қоғам өміріне қайта араласып кететіндей болып тұрды. Диагнозы мәлім, бет алысы белгілі болса да, көңілге титтей де күмән түспеді. Неге? Себебі тереңде болатын. Оны әбден тануымыз! Танитындар біледі. Жігерлі жан. Еді ғой деуге тіл бұрылмайды. Қалам да. Бейсенжан ешқашан жасымаған! Қиындықтан қорықпайтын, еңсеріп кететін", - деді спорт коментаторы.

Ол Бейсен Құранбектің бозбала шағына саяхат жасады.

"Балалық шағын білмейміз. Білеміз, өзі айтқан дәрежеде. Әкені аға деп таныды. Әжені шеше деп білді. Ол адалдығына титтей де қылау түспеді. Сол соңғы барғанда сырын айтты.

"Апамды кіші ағама тапсырдым, қайта оралсам, қолыма аламын ғой". Тапсырдым дегенде, денем селк ете қалды. Сезім деген де тым жүйрік кейде.

Бала кезінен талай сыр шерткен. Бозбала кезін жатқа соғамыз. Өйткені қатар өстік. Біріміз – аға, екіншіміз – іні. Біз ағалық шеңберден аспадық. Ол інім болып, тынысыма айналды. Бозбала шағында күні-түні бірге едік. Бірге ас ішіп, бірге қонып, бірге жұмыс істедік. Бірге тұрдық десе де болатын шығар...

Бозбала Бейсен үздіксіз ізденетін. Кез келген мәдениетті зерттейтін. Қай сала болса да. Тереңдей берді. Табиғат берген қара күші тағы бар. Шығыс жекпе-жектерінің бірнеше түрін жақсы меңгерді. Каратэні көрді. Киокушинкайға барды... Айкидомен де шұғылданды...Тибет медицинасын зерттеген кезі болды, - деді Амангелді Сейітхан.

Спорт коментаторы алғаш рет Бейсенмен "Спорт" газетінің редакциясында танысқанын, оның қаламынан шыққан туындыларды оқып, "тау қопаратын жігіт" екенін түсінгенін жасырмады. Содан кейін аға мен іні арасындағы сыйластықтың жанданғанын жеткізді.

"Біз теле салаға кеткенде ол газетте қалды. Бірақ көбіне үйге, арасында жұмысқа келеді. "Құмсағатты» жасауға көмектесіп жүрді. Түбегейлі ауысайын десе, "Спорттағы" ағаларды қимады. Жұмысты еңсеріп тастап, үйде таң қылаң бергенше әңгімелесеміз. Екі күннің бірінде отырыс. Жуан ортасында Бейсенжан жүреді. Жұрттың бәрімен тіл табысады. Түрлі ойын ойлап табады. Оны ерінбей өткізеді. Жақсы еді, бәрі де жақсы болды.

Түн ортасынан ауғанда футбол көреміз. Екі бөлмелі үй. Жігіттер қаз-қатар жатамыз. Чемпиондар кубогы жолындағы жарыс. Әйтпесе әлем біріншілігі. Дүрілдеп тұрған жанкүйерлерміз...

Алғыр еді. Алар асуы да көп болатын. Амал қанша, амал дәптері оң жағынан берілсін деген тілек қана айтылады енді. Құдіретті Алла тағала бала-шағасына амандық берсін. Туыстарына жақсылық берсін. Жақсы ініме жәннаттан орын бере гөр, құдіретті Алла тағалам!" - деді спорт коментаторы Амангелді Сейтхан.

Еске сала кетсек, осыған дейін Бейсен Құранбектің отбасы құндылықтары туралы айтқанын жариялаған болатынбыз.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1857488-korykpajtyn-belgili-sport-komentatory-bejsen-kranbekti-el-bilmejtin-kyrlaryn-ajtty/

pixel