RU

"Көк-жайлауда" кеш ұйымдастырғандар халықтан кешірім сұрады (фото, видео)

Оңтүстік астанадағы Көк-Жайлау маңында өткен шараның ұйымдастырушылары табылды. Тау бөктеріндегі сауық-сайранға қатысқандар табиғат аясын ластап, қоқыстарын жинамай кеткені үшін халық қаһарына ұшыраған болатын. Аталмыш жиынға жауапты болғандар қызу талқыға салынған оқиғаға қатысты пікір білдіріп, көпшіліктен кешірім сұрады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото: instagram.com/gladiatr.almaty; instagram.com/mountainkings.kz. Коллаж: NUR.KZ
Фото: instagram.com/gladiatr.almaty; instagram.com/mountainkings.kz. Коллаж: NUR.KZ: Instagram

Анықталғандай, алматылықтардың шамына тиген шараны екі топ ұйымдастырған болып шықты. Instagram желісінде көкке шығу жайында Mountain Kings пен Gladiatr Almaty парақшалары хабарлаған.

Mountain Kings бастапқыда табиғат аясында түнгі кино жоспарланғанын алға тартты. Олардың айтуынша, аталмыш шараға қатысуға ресми түрде 53 адам тіркелген. Алайда, демалыс орнында күтпеген жағдай орын алып, мерекелік жиынға 50-ден аса емес, 400-ге жуық адам жиналған.

Ұйымдастырушылар өздерінің басты ұстанымы табиғатты қорғау мен жастар туризмін дамыту болып табылатынын жеткізді.

Олар орын алған жағдайға қатты өкінетінін айтып, Көк-Жайлауда арнайы сенбілік ұйымдастыруға дайын екендерін жазды.

Алайда, ұйымдастырушы топ бұл ісін тек жергілікті билік өкілдері рұқсатын бергеннен кейін ғана жүзеге асырмақ. Себебі, әзірге оларға шараны өткізуге тыйым салынған.

Екінші ұйым - Gladiatr Almaty. Олар әлеуметтік желіде іс-шарадан кейін аумақты тексеріп шығып қоқысқа толы қаптарын видеоға түсіріп сақтап алғандарын жазды.

Оған қоса, ұйымдастырушылар шара болған аумаққа автокөліктің өткеніне қатысты пікір білдірді. Олар жүргізушінің ұйымға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Соңында ұйымдастырушы топ орын алған жағдайдан үлкен сабақ алып, тиісті қорытынды жасайтынын айтты. Сонымен қатар, олар әкімдік рұқсатын алған бойда аумақты тағы бір мәрте тазалап шығатындарын жеткізді.

Сенбілікке қатысам деушілерге оның өтетін күні мен орнын кейінірек хабарлайтын болады.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1857498-kk-zajlauda-kes-jymdastyrgandar-halyktan-kesirim-srady-foto-video/