RU

Блок-бекеттегі апат: Ерлан Тұрғымбаев полиция басшыларын қызметінен босатты

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полицияның бірқатар басшыларын қызметінен босатты. Бұған Алматы облысындағы блок-бекетте екі полицей қаза тапқан жол-көлік оқиғасы түрткі болған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ерлан Тұрғымбаев полицияның бірқатар басшыларын қызметінен босатты
Фото: ҚР ІІМ баспасөз қызметі: UGC

Ішкі істер министрлігі 25 мамырда Алматы облысындағы блок-бекетте  болған қайғылы жағдайдың себеп-салдарын анықтады.

Осы оқиғада екі полиция қызметкері қаза тапқан болатын. Тексеріс кезінде жеке құрам арасында алдын алу жұмыстарын жүргізуде олқылықтар болғаны анықталды.

Тәртіп бұзған қызметкерлерге қатысты дер кезінде тиісті шаралар қолданылмаған.

Сонымен қатар, БАҚ-қа ақпаратты бұрмалап ұсыну фактілеріне баға берілді.

Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен басшылық лауазымдағы тоғыз қызметкерге қатысты тәртіптік жазалау шаралары қабылданды.

Қызметінен босатылғандар:

Алматы қаласы ПД патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары, полиция подполковнигі Қ.Е. Сатаев;

Алматы қаласы ПД кадр саясаты басқармасының басшысы, полиция полковнигі О.С. Мырзабеков;

Алматы қаласы ПД Жеке құрам бойынша инспекция басшысы, полиция подполковнигі А.О. Ақылбеков.

Қызметіне толық сәйкес еместігі жайлы ескерту алғандар:

Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі М.А. Саттаров (бұрын полк командирі болған);

Алматы қаласы Өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы, полиция подполковнигі С.О. Көкірекбаев;

Алматы қаласы ПД басшысының орынбасары, полиция полковнигі А.А. Нашарбеков.

Қатаң сөгіс жарияланғандар:

Алматы қаласы ПД басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Н. С Алмасбеков;

Алматы қаласы ПД-нің бөлім басшысы, полиция подполковнигі С.К. Әзірбек.

Сондай-ақ, Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы Қ.Д.Таймерденовке сеніп тапсырылған бөлімшенің қызметін ұйымдастырудағы кемшіліктері үшін қатаң сөгіс жарияланған.

"Әрбір басшы өзінің қарамағындағыларға жауапты. Ол жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты сақтауды қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс Алматы қаласының Полиция департаментінде тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Нәтижесінде біз бірден екі қызметкерден айырылып қалдық, бір қызметкер ауыр дене жарақатын алды.
Біздің барлығымыз үшін, әсіресе, туған-туысқандарымыз үшін бұл – үлкен қайғы-қасірет және орны толмас қаза. Сондықтан бұл төтенше жағдайға жол берген басшыларға тиісті шаралар қабылданды.
ІІМ басшылығы алдағы уақытта да қызметтік тәртіпті сақтауды қатаң талап етіп, полиция қызметкерлерінің кез келген тәртіп бұзушылығына принципті баға беріп және жаңа талаптарға сай жұмыс істегісі келмейтін немесе жұмыс істемей алмайтындар қызметкерлер қатарынан шеттетіледі", – деп атап өтті Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Еске сала кетейік, екі полиция қызметкерінің өмірін жалмаған жол апаты 25 мамырда таңғы сағат 5.30-да Көксай ауылындағы блок-бекетте болған еді.

BMW көлігінің жүргізушісі, 1992 жылы туған ер адам әуелі бетон қоршауға соғылып, содан кейін полиция қызметкерлерінің көлігіне соқтығысқан. Көлік ішінде қос бірдей полиция қызметкері отырған.

Алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында полиция аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев қайтыс болса, оның әріптесі полиция сержанты Дастан Әбдіқанов ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, сол жерде есін жимастан көз жұмды.

Кейін жол апатынан тағы бір полиция қызметкерінің зардап шеккені белгілі болды. Ауыр соққыдан Ербұлан Сейдазым есімді азаматтың басына зақым келген. Оның жансақтау бөлімінде жатқаны хабарланды.

Жол апатына кінәлі азамат қамауға алынған. Оның мас күйде көлікке отырғаны және бұрын құқық қорғау органдарында қызмет еткені анықталды.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1857634-blok-bekettegi-kajgyly-zagdajdan-kejin-erlan-trgymbaev-policia-bassylaryn-kyzmetinen-bosatty/