"Үйге жете алмай жүрмін": Моңғолияда қалып қойған қазақстандықтар президенттен көмек сұрауда
Опубликовано:
Моңғолияға коронавирус пандемиясы басталмас бұрын аттанған қазақстандықтар Қазақстан президенті Қасым-Жомартқа үндеу жолдап, елге қайтуға көмектесуін сұрады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетейік, Қазақстан билігі наурыз айының ортасында COVID-19-ға байланысты шет мемлекеттермен әуе рейстерін және автобус қатынасын тоқтатты.
Осыған байланысты әлі күнге дейін елге жете алмай отырған Моңғолияда отандастарымыз видео үндеу жолдап, жанайқайын президентке жеткізген.
Видеодағы азаматтардың бірі Моңғолияға наурыз айында келгенін айтады.
"Коронавирусқа байланысты елге қайта алмадық. Мұнда біздің туыстарымыз: біреудің бауыры, енді біреуінің баласы бар", - дейді ол.
Тағы бір отандасымыз Оразай Ғалымбекұлы Моңғолияда елге орала алмай жүрген жүздеген қазақстандық бар дейді. Көбі Баян-Өлгей округінде, басқалары- Ұлан-Баторда.
"Наурыз айында әкем қайтыс болып, осында келдім. Қазақстанда, Ақмола облысында жүкті келіншегім қалды. Жақында ол мерзімінен бұрын босанды. Қазір үйге жете алмай жүрмін", - дейді Ғалымбекұлы.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Моңғолияда қалған қазақстандықтардан хабардар екенін жеткізді.
СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың айтуынша, елге қайтуға ниет білдіргендер саны әзірге белгісіз. 22 мамыр күні Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Жалғас Әділбаев Баян-Өлгейдегі қазақстандықтармен кездескен.
"Бүгінде Моңғолиямен және Ресеймен келіссөздер жүргізіліп, отандастарымызды автобуспен немесе ұшақпен елге әкелу мүмкіндігі қарастырылуда. Баян-Өлгей округындағы әуежай барлық типтегі ұшақты қабылдай алмайды, ал басқа адамдардың ұшаққа билет алуға қаражаттары жеткіліксіз. Оларды автобуспен жеткізу үшін арнайы дәліз құру керек. Ол үшін Мәскеумен келісу қажет. Сол үшін шешім кешікіртірліп жатыр", - дейді Смадияров.
Айта кетейік, Моңғолияның батысындағы Баян-Өлгей округында 100 мыңға жуық этникалық қазақ тұрады.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1857641-mogoliada-kalyp-kojgan-kazakstandyktar-tokaevtan-kmek-srauda/