RU

"Қатаң шараларға қайта ораламыз": Алматы әкімі карантинді сақтауға шақырды

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев онлайн-брифинг барысында жағдай қиындай түссе, қатаң карантин шаралары қайта қабылданатынын мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов: Original
"Егер жағдай қиындай түссе, жеңілдетілген карантин тәртібі алынады, қайтадан қатаң шараларға ораламыз. Өйткені эпидемиологиялық жағдайдың күн сайын нашарлауына жол бере алмаймыз.
Бұл әрқайсымызға артылған жауапкершілік, карантин режимін сақтау қажет. Екі ай бойы ТЖ талаптарын орындап, үйде отырған халыққа алғыс айтамын. Бізге Қытайдан келген дәрігерлер Қарағанды және Нұр-Сұлтанмен салыстырғанда, Алматы көшелерінде адам жоқ екенін айтты", – деді қала әкімі.

Ол осындай ынтымақтастықты жоғалтпау керек екенін жеткізді.

"Шаршағандарыңызды, далаға, тауға шығып, таза ауа жұтқыларыңыз келетінін түсінемін. Алайда, вирустың ешқайда кетпегенін түсіну керек. Күн сайын ауру жұқтырғандар саны артып жатқанын көрудеміз. Ешбір өңірде бір күнде науқас тіркелмеген жағдай болған жоқ", – деп атап өтті Сағынтаев.

Айта кетейік, бүгінде Алматыда коронавирус жұқтырудың 2353 дерегі тіркеліп отыр. Қала әкімінің айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі оңтүстік астана бойынша науқастар саны 850-ге жетеді деп болжаған.

Сондай-ақ Сағынтаев маска киіп, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау керектігін еске салды.

Бұған дейін оңтүстік астана әкімі Алматыдағы блок-бекеттер қашан ашылатынын айтқан болатын.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Instagram парақшамыздан оқыңыздар>>

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1857763-kata-saralarga-kajta-oralamyz-almaty-kimi-karantindi-saktauga-sakyrdy/