RU

Бес жыл іздеуде жүрген құрылыс компаниясының басшысы сотталды

Бүгін Facebook-тегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің онлайн-брифингінде миллиардтаған қаржыны жымқырды деген күдікке ілініп, 5 жыл халықаралық іздеуде болған қазақстандық ЖШС директорына қатысты үкім шыққаны айтылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бес жыл іздеуде жүрген құрылыс компаниясының басшысы сотталды
Көрнекі фото: KAZ.NUR.KZ: Original

Брифинг барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеушісі Данияр Биғайдаров сотталған кәсіпкердің 2017 жылы бас бостандығынан айырылған бұрынғы білім вице-министрі Саят Шаяхметовтың ісіне қатысы бар екенін айтты.

Сондай-ақ, ол "Зак Сервис" ЖШС директоры Киреевтың тергеуден жасырынып үлгергенін және 5 жылдан бері қашып жүргенін жеткізді.

Сондықтан оның ісі жеке қаралған.

Вице-министр Шаяхметов өз жазасын алған. Ал директорға халықаралық іздеу жарияланған.

Киреев есімді ЖШС басшысы бюджеттен 1 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінген. Бұл ақша Білім министрінің тапсырысымен салынған Өскемен қаласындағы оқу орындарының құрылысы кезінде алаяқтық жолмен алынған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері директорды осы жылдың қаңтарында Қазақстаннан тыс жерден тапқан.

Оған қатысты сот отырысы 25 мамырда Нұр-Сұлтанда өткен. ЖШС директоры кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған.

Айта кетейік, бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметов мүлкі тәркіленіп, 7 жылға сотталған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1857891-bes-zyl-izdeude-zrgen-krylys-kompaniasyny-bassysy-sottaldy/