RU

Қытай емханасында ес-түссіз жатқан отандасымызға қатысты мән-жайды ата-анасы айтып берді

Бұған дейін Қытай циркінде жұмыс істейтін Рудный қаласының тумасы Гуанчжоу қаласында комаға түскенін хабарлаған едік. Он күннен бері хал үстінде жатқан 38 жастағы Максим Кисленко қатысты мән-жайды ата-анасы өздері баяндады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Астана телеарнасына сілтеме жасап.

Фото: Костанайские новости
Фото: Костанайские новости: Instagram

Белгілі болғандай Максим Кисленко жұбайы екеуінің аспан асты еліне қоныс аударғанына тоғыз жылдан асқан.

Ол Гуанчжоу циркінде ат үстінде акробаттық трюктер орындаушы болып жұмыс істеп жүрген.

Ал денсаулығы нашарлап, Максим ауруханаға мамырдың жетісі күні түсіпті. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.

Әкесі Сергей Кисленко ұлының қанын тазартқан соң, бүйрегі мен жүрегі жақсарғанын айтады. Алайда өкпесі әлі дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ екен.

"Жасанды демалу апаратымен жатыр. Өз бетінше тыныстай алмайды. Комда жатыр. Соңы не болатынын ешкім білмейді. Неден болғанын да ешкім айта алмайды", - деді ол.

Максим Кисленко Алматыдағы цирк училищесіне оқып бітірген. "Спортты жаны сүйетін Максимнің денсаулығы бұған дейін еш сыр бермеген", дейді анасы. Қас қағым сәтте ес-түссіз халге түскеніне туыстары алаңдаулы.

"Бала кезінен спортпен шұғылданды. Ешқашан ауырған емес. Неліктен кенет ауырғанын білмейміз. Әуелі әйеліне жағдайым нашарлап кетті деген. Ертеңінде ес-түссіз жағдайда түсіп, ауруханаға жеткізілген. Бізге өте қиын болып тұр", - дейді анасы Валентина Кисленко.

Отандасымыздың ата-анасы ұлының еміне қаражат қажет болғандықтан, бір бөлмелі үйлерін сатып, ақша жіберген.

Олардың айтуынша, ауруханаға күніне 1,5 мың АҚШ доллары қажет. Қаржыдан қиналған ата-ана жергілікті жергілікті кәсіпорыннынң бірінен көмек сұрап отыр.

Өз кезегінде "Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі" Кисленколар отбасына қаржылай көмек көрсетеміз деп отыр. Себебі Максимнің отбасы мүшелері, әкесі мен анасы кезінде осы кәсіпорында еңбек еткен.

Айта кетейік, еліміздің сыртқы істер министрлігі отандасымыздың жағдайынан хабардар. Науқас реанимациядан шығып, беті бері қарағанда елге қайтаруды қарастырып отырған көрінеді.

Автор: Заңғар Санай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1857975-kytaj-emhanasynda-es-tssiz-zatkan-otandasymyzga-katysty-mn-zajdy-ata-anasy-ajtyp-berdi/