RU

Байғабылов: Елдегі жағдай нашарласа, блок-бекеттер қайта қойылады

Еліміздің көліктегі бас санитарлық дәрігері Сәдуақас Байғабылов Facebook желісіндегі "Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды" айдарында еліміздегі блок-бекеттердің міндеті аяқталғандықтан, олардың алынғанын айтты. Дегенмен бақылау-өткізу бекеттері орнына қайта қойылуы да ықтимал деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: NUR.KZ
Көрнекі фото: NUR.KZ: UGC

Байғабылов 1 маусымнан бастап Қазақстан облыстары арасындағы алынған блок-бекеттер өз міндеттерін орындағанын, олардың коронавирус эпидемиясына тосқауыл болу мақсатында қойылғанын атап өтті.

Оның сөзінше, елде бұндай шектеу шараларына оралу жоспарда жоқ. Алайда эпидемиологиялық жағдай ушықса қайтадан блок-бекеттер қойылады.

"Елдегі жағдай нашарласа, блокбекеттер өңірлерде қайта қойылады", - дейді Байғабылов.

Сонымен қатар, ол облыстар аралығындағы блок-бекеттердің ғана алынғанын, ал облыстың ішіндегі блок-бекеттер сол қалпында жұмыс істеп тұрғанын қоса кетті.

Еске сала кетсек, 1 маусымға қараған түні Қазақстанның әртүрлі қалаларында коронавирус пандемиясына байланысты наурыз айында қойылған блок-бекеттер алынды.

Мәселен түнгі сағат 00:00-ден кейін Алматы полициясы бақылау-өткізу пункттеріндегі суреттермен бөлісті. Онда бетон блоктар мен қоршаулардың жоқ екені анық байқалады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1858364-bajgabylov-eldegi-zagdaj-nasarlasa-blok-beketter-kajta-kojylady/