RU

Ақтөбедегі зауытта буға күйген тағы бір жұмысшы қаза тапты

Палата в больнице
Иллюстративное фото: pixabay.com: UGC

Ақтөбедегі хром қоспалары зауытында денесінің 65 пайызы буға күйіп қалған азамат бүгін түнде көз жұмды. Ол бес тәуліктен бері жансақтау бөлімінде жатқан. Дәрігерлер оның өмірін құтқарып қалу үшін ем-домның барлығы қолданылғанын алға тартты деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Дененің 65 пайызы күйген азаматты құтқарып қалу мүмкін болмады. Ол түнгі сағат 2:00 шамасында көз жұмды. Оған осы күнге дейін жансақтау бөлімінде ем көрсетілді.
Ал зауыттан жеткізілген екінші жұмысшының жағдайы қалыпты. 36 жастағы емделуші бүгін палатаға шығарылды. Оның денесінің 30 пайыздан астамын күйік шалған. Әзірге дәрігерлердің бақылауында болады",– дейді облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Сәкен Қапанов.

Естеріңізге салсақ, 28 мамыр күні Ақтөбе хром қоспалары зауытында тіркелген қайғылы жағдайдан төрт адам оқиға орнында қаза болып, екі адам жансақтау бөліміне түскен болатын.

Оқыс оқиға зауыттың №4 цехында тіркелді.

Алғашында өндірісте қолданылатын бөшкенің ішіндегі химиялық қалдықты тазалап жатқан бір жұмысшы күйіп қалады. Оның құтқармақ болып, артынан ілескен бес жұмысшы да 50 текше метрлік бөшкеге кірген. Барлығы да термиялық күйік алды. Төртеуі оқиға орнында қаза тапса, біреуі бес тәуліктен кейін ауруханада жан тапсырды.

Аталған факт бойынша Ақтөбе облыстық ПД Қылмыстық кодекстің 156 бабы 4- бөлімі "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғады.

Алдын ала болжамдар бойынша "гидроксил" химиялық заты болған 50 текше метрлік бөшкені тазалау кезінде қауіпсіздік техникасы бұзылған. ҚР ҚІЖК 128-бабымен күдікті ретінде учаске шебері, бөлім бастығыжәне №4 цех басшысына "Күзетпен ұстау" бұлтартпау шарасы қолданып, қамауға алынған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1858694-aktbedegi-zauytta-buga-kjgen-tagy-bir-zmyssy-kaza-tapty/