RU

COVID-19: Армения ауруханаларында бос орын жоқ

Арменияда бір тәулікте 697 адам коронавирус жұқтырды. Қазір елдегі ауруханаларда бос орын жоқ деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

COVID-19: Армения ауруханаларында бос орын жоқ
Фото: Хабар 24: UGC

Бұған дейін бір күнде мұншалықты дерек анықталмаған еді.

Жалпы Армениядағы ахуал мәз емес, 11 мың 121 адам індетке шалдығып, 176 науқас көз жұмған. Елдегі төтенше жағдай 80 күн бойы жалғасып келеді.

Дегенмен азаматтардың жүріп-қатынауына және сауда мен кәсіпорындардың жұмысына қойылған шектеулер осыдан жарты ай бұрын алынды.

Ел билігі аурудан қорғану ережелерін сақтауға шақырғанымен, азаматардың көбі құлақ аспайды. Қазір ауруханаларда науқастарды қабылдайтын орын қалған жоқ.

Армения премьер-министрі мен оның отбасы да коронавирус жұқтырып алған болатын. Қазір Никол Пашинян қызметін онлайн атқаруда.

"Еліміздегі эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады. Ауруды жұқтырған 697 адам анықталды. Бұл емханалар барлық науқасты дер кезінде қабылдай алмайтын жағдайға жеткенін білдіреді",- деді Никол Пашинян.

Айта кетейік, елімізде тағы 245 адамнан коронавирус табылды. Осылайша, Қазақстанда COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 12 312-ге жетті.

Сондай-ақ, Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар саны 52-ге саяды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1859026-covid-19-armenia-auruhanalarynda-bos-oryn-zok/