RU

АҚШ-тағы жаппай наразылық кезінде Қазақстан азаматы қайтыс болғаны рас па

Желіде АҚШ-та өтіп жатқан жаппай наразылық кезінде Қазақстан азаматы қайтыс болды деген ақпарат тарады. Бұл қауесетке қатысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ сыртқы саяси ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

АҚШ-тағы жаппай наразылық кезінде Қазақстан азаматы қайтыс болғаны рас па
Көрнекі фото: Getty Images/Samuel Corum / Stringer: Depositphotos

АҚШ-тағы жаппай наразылық кезінде қазақстандық азаматтың қайтыс болғаны туралы бейресми ақпаратты Instagram желісіндегі qaznews парақшасы жариялады. Жазбада қайғылы жағдай Нью-Йорк қаласында тіркелген болуы мүмкін екені айтылады. Бұл ақпаратты қазақстандық мигранттар мессенджерлерде таратып жатқанға ұқсайды.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров аталған ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, жаппай наразылық кезінде қайтыс болғандар арасында қазақстандықтар жоқ.

Айта кетейік, наразылық акциялары АҚШ-тың бірнеше қаласында болып жатыр. Барлық дау афроамерикалық Джордж Флойдтың ұсталуынан басталды.

Флойдтың өлімі де, полиция әрекетіне қарсылық танытушылардың алғашқы легі де Миннеаполис қаласында тіркелді. Кейіннен наразылық акциялары басқа штаттарда да бастау алды, наразылық білдірушілерді өзге елдердегі белсенділер де қолдап жатыр.

Айта кетейік, полиция нәсілшілдігі мен қатыгездігіне қарсы наразылық акциясы Канада да өтіп, бұған елдің премьер-министрі Джастин Трюдоның қатысқанын жазған едік.

Ол мыңдаған қатысушымен бірге қайтыс болған афроамерикалық Джордж Флойдты еске алып, тізерлеп отырған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1859330-aks-tagy-zappaj-narazylyk-kezinde-kazakstan-azamaty-kajtys-bolgany-ras-pa/